Қазақстанда несие қарызы тағы да кешіріле ме – Агенттік басшысының жауабы

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
коллаж kursiv.media

Қазақстанда халықтың несие қарызын мемлекет есебінен кешіру науқаны қайталанбайды. Өйткені 2019 жылғы науқан халықтың «тәбетін ашып», қарызға одан әрі батырып жіберді. ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова осылай деп тұжырымдайды.

«Өкінішке қарай, 2019 жылы несие қарыз кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторындағы несие көлемі, соның ішінде төленбеген проблемалық несие үлесі тағы да өсті. Сондықтан мемлекет есебінен қайта-қайта кешіре берсек, жаңа несие алатындар қатары одан сайын артады», – деді журналистер сауалына берген жауабында.

ҚНРДА басшысының айтуынша, проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелген. Олар 1,449 миллион проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.

Қарыз қашан кешірілді?

2019 жылғы 26 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» шыққан еді. Соның негізінде 3 млн теңгеге дейін қарызы бар 500 мың азаматтың борышы кешірілген. Азаматтардың қарызын кешіру мемлекет қазынасына 115 млрд теңгеге түскені белгілі.

Одан кейін де халықтың қарызын кешіру мәселесі бернеше рет көтерілген. Айталық, 2021 жылы Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың мерзімі өткен берешегі 199 млрд теңге болатынын, бұл мемлекет үшін «үлкен сома емес» екенін айтып, қарызды кешіру туралы ұсыныс тастады. 

Алайда экономист Арман Байғанов, несие рақымшылығын жариялауға болмайтынын, бұл экономиканың қаржылық ахуалын күйретіп кететінін айтқан.

Биыл наурыздан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша, берешегі өтелмеген несиені коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салынды. ҚНРДА 2022 жылдан өтелмеген қарызды коллекторларға бермес бұрын, реттеу процедурасын жүргізуді талап еткен болатын.

Халықтың мойнындағы несие көлемі қанша?

Қазіргі кезде елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалған.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

«Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылар санының 7%-ын құрады», – деді М. Әбілқасымова.

 Осы 18,1 трлн теңге несиенің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиеге тиесілі. Ал микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. 2022 жылғы тамыздан бері проблемалық қарызды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған.

Осы ретте ҚНРДА ірі сомада тұтынушылық кредит беруге шектеу қоюды ұсынып отыр.

«Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады. Бұдан басқа ірі сомадағы тұтынушылық қарыздарды беруді шектеу үшін тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттері белгіленетін болады», – деді ол.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те  тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет деп санайды. Бұл жайлы ол Ұлттық банктің баспасөз жиынында айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз