Утильалым алынбайтын тауарлар тізімі белгілі болды
Коллаж: kursiv.media
Утильалым салынатын өнімдер тізімінен кабель-сым өнімдері алынып тасталды. Тізімге Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 13 қазандағы жарлығымен өзгеріс енгізілген. Сонымен қатар утильалымды есептеу әдістемесі де өзгерді.
Атап айтқанда, утильалым есептеу әдістемесінен 3-пункт алынып тасталды, Бұл бөлімде кабель-сым өнімдері қалдығын жою үшін төленетін төлем көлемі есептелетін еді. Бұл өзгеріс министрліктің №283-жарлығымен енгізілген.
Қандай тауарларға утильалым салынбайды?
Қазақстанда өндірілетін немесе импортталатын өнімнің жекелеген түрлерінің тізбесінен келесі өнімдер алып тасталды:
- Оқшауланған сымдар (соның ішінде эмальданған немесе анодталған),
- кабельдер (соның ішінде коаксиалды кабельдер) және қосу құрылғылары бар басқа оқшауланған электр өткізгіштері;
- жеке қабықшалары бар талшықтардан тұратын талшықты-оптикалық кабельдер.
Утильалым қашан енгізілді?
Қазақстанда утильалым 2016 жылдан енгізілген. Ол негізінен автокөлік және ауылшаруашылығы техникаларына салынады. Одан бөлек, утильалым салынатын өнімдер тізімінде резеңке және резеңке бұйымдары, аккумуляторлар, мұнай және химия өнімдері бар. Мұндай өнімдер қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін жинап, өңдеу және жою қосымша шығынды талап етеді. Бұл шығын утильалым ақысымен жабылуы керек.
Көліктерге салынатын бұл «салықтың» мөлшері көлік санатына байланысты. 2022 жылдың ақпанында көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утильалым мөлшері 50% төмендеді.
Қазір автокөліктерге, оның ішінде жол талғамайтын көліктер, сондай-ақ трактор мен комбайндар, ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты тариф 50 АЕК (153 150 теңге) құрайды. Қандай көлікке қанша утильалым салынатынын мына жерден көруге болады.
Утильалымды ұзақ уақыт бойы Қазақстанның экс-Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаевамен баланысты «ӨКМ-операторы» компаниясы жинап келді.
2022 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, утильадымды жинау қызметі «Жасыл даму» мемлекеттік кәсіпорнына берілді. «Оператор РОП» кәсіпорнын иелері мемлекетке сыйға тартты.
Сол жылы утильалым мәселесін басқарған Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталғаны белгілі болды.
2022 жылдың наурызында «ӨКМ Операторының» бұрынғы бас директоры қамауға алынып, Светлана Коротенкоға 20 млрд теңге жымқырды деген айып тағылды.
2023 жылдың шілдесінде сот Пірімқұловты ұрлық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды, сондай-ақ оны 10 жылға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырды.
Биыл депутаттар утильалымнан түскен қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын ашық жариялауды талап етті. Сондай-ақ депутат РОП аясындағы техниканы утилизациялауға арналған RecyclingCompany ЖШС зауыты екінші жыл жұмыс істемей тұрғанын жеткізді.
«Өйткені «Оператор РОП» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс аясында кәсіпорынға жұмыс істеуге тыйым салынған. Алайда утилизация жүргізіліп жатпағанымен «Жасыл Даму» АҚ қазақстандықтар мен бизнестен утильалым алуды жалғастырып жатыр», – деді депутат Ержан Бейсенбаев.
Жақында депутат Ерлан Саиров Әлия Назарбаева сот алдында жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі керек деп мәлімдеді. Конституция алдында барлық азаматтардың тең екенін алға тартқан ол, экс-президенттің қызының «ӨКМ операторындағы» қаражатты жымқыруға расымен қатысы бар болса, заң алдында жауап беруі міндетті деп санайды.