Қытай үшін Қазақстан сирек металдар өндірудің қосымша перспективалы көзі – сарапшы

Жарияланды

Қытай Қазақтан қарым-қатынасы / shutterstock

2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қытайда жаңа көліктердің сатылымы 2,4%-ға өсіп, 15,24 млн автоны құрады. Бұл жолы нарық көшбасшысы BYD бренді атанды, бірақ ең танымал модель өндірушісі атағы Tesla-ға бұйырды. Осы кезеңде Қытайдан шетелдік нарықтарға шығарылған темір тұлпарлар саны 60%-ға артты.

Енді міне «аспан асты елінің» көшбасшысы Қазақстан мен Орталық Азия нарығына келмек . Тараптар 14 қазанда арнайы құжаттарға қол қойып, көлік тасымалы бойынша уағдаласты.

Айта кететіні, аталған автоконцерн көліктері елімізде бірінші рет саудаланайын деп отырған жоқ. 2014 жылдың қазан айында BYD «Атакенттегі» көрмеде өзінің алғашқы электромобильдерінің бірі – e6 моделін таныстырып, Қазақстан нарығына шығуға талпыныс жасады.

Алайда ол кезде жоба жалғасын таппады. Араға 9 жыл салып, қытайлық автозауыт біздің нарыққа қайта келді. Алайда сарапшылар бұл келісімнің астары тек электр көліктерінің саудасы ғана емес, одан да тереңде жатқанын айтады.

«Әлемдік деңгейде электр көліктері арасында Tesla-ның басты бәсекелестерінің бірі қытайлық BYD автоөндірушісі Қазақстан және Орталық Азия нарықтарын шығуды көздеп отыр. Бұл Қытайдың осы саладағы аймақтағы позициясын нығайтудың ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді. Шынында да, Орталық Азияда мұндай көліктердің сатылуын ұлғайту үшін бағасы бойынша тиімді өнімді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар электр көліктерін пайдаланудың кең инфрақұрылымын құруға көмектесуі керек. Себебі бұл аймақта электр көліктеріне әлі де сұраныс жоғары емес», – дейді танымал саясаттанушы, Халықаралық қауіп-қатерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаев.

Бұған олардың қымбаттығы, аккумуляторларды зарядтауға арналған станциялардың жоқтығы және сапалы сервистің болмауы, электрмен жабдықтаудың тұрақсыздығы және т.б. себеп. Бірақ кім бірінші болып осы нарықтан орын алса, сол жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

«Бейжің мұны түсініп, инвестиция салғалы жатқан көрінеді», – деп атап өтті сарапшы.

Дегенмен, ол бұл салада Қытай үшін негізгі серіктес Қазақстан емес, Өзбекстан екенін айтады. Себебі еліміз сауда алаңына айналса, Өзбекстанда өндіріс орындары іске қосылауы мүмкін.

«Қазақстанда қытайлық электромобильдер тек қана сатылады деген пікір бар. Мұнда маңызды серіктес Өзбекстан болып отыр. Жуырда Өзбекстанның Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігі мен қытайлық BYD автоконцерні осы елде электр және гибридті көліктер шығаруды ұйымдастыру үшін инвестициялық келісімге қол қойғаны туралы қызықты ақпарат тарады. Бұл жоба жүзеге асса, бірінші және екінші кезеңде жылына 50 мың көлік шығару жоспарланған. Оның үстіне қытайлық Huawei Digital Power компаниясы Өзбекстанда электромобильдерге арналған зарядтағыштарды шығаруды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруда», – деген саясаттанушы Қытайдың тағы бір корпорациясы DongFeng Special Car Company осы елде электроавтобус шығаратын зауыт салу мүмкіндігін зерттеп жатырқанын жеткізді.

Сонымен қатар тағы бір қытайлық компания электроавтобустар үшін аккумуляторлар мен зарядтау құрылғыларын шығаруды қолға алмақшы.

Бірақ Досым Сәтбаев геоэкономикалық тұрғыдан алғанда саладағы мұндай белсенділік Қытайды, АҚШ-ты және ЕО-ны аймақтағы сирек металдарды игеру және өндіру үшін бәсекеге итермелеуі мүмкін деп есептейді.

Оның ішінде көлік аккумуляторлары өндірісіне қолданылатын негізгі химиялық элементтердің бірі – литий бар. Әлемдік нарықтағы қымбат әрі жоғары сұранысқа ие металдардың көш басында қазір осы шикізаты тұр.  Сарапшылар литийді «электроника дәуірінің мұнайы» деп атайды. Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, алдағы 2050 жылға қарай мұндай таза энергия көздеріне сұраныс арта түседі. Ал Қазақстанда ресми деректер бойынша 50-ден 100 мың тоннаға дейін литий қоры бар.

«Сондықтан Қытай үшін біздің өңір сирек металдар өндірудің қосымша перспективалы көздерінің бірі болып табылады. Әрине, бұл ЕО мен АҚШ-ты алаңдататыны анық, өйткені біз жартылай өткізгіштер немесе электр көліктерін өндіруге арналған шикізат туралы ғана емес, сонымен қатар әскери-өнеркәсіп кешенін шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері туралы айтып отырмыз. Оның үстіне, мамандар Еуропалық Одақ қазірдің өзінде қоры мен өндірісі бойынша әлемде жетекші орын алуға тырысатын Қытайдан Ресей арқылы сирек металдарды жеткізуге тәуелді болып отыр. Сондықтан Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдері литий және өзге де сирек металдар қорына байланысты Батыс үшін маңызды», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Бұған дейін MINEX Qazaqstan тау-кен өнеркәсібі форумында Еуропалық комиссияның ресми өкілі Роберт Томас Еуропалық Одақ Қазақстанға сирек металдарды өндіруде ғана емес, сонымен қатар оларды өңдеуде де көмектеседі, деп мәлімдеген. Демек, Еуропаның да бұл бағытта да қызығушылығы жоғары.

Сөз соңында Досым Сәтбаев Орталық Азия елдері Батыс пен Қытайдың шикізат көзіне айналмай, осы мүмкіндіктерді ең алдымен өз экономикаларын модернизациялау үшін пайдалануы керек деген ойымен бөлісті.

«Тағы бір мәселе – аймақ елдері осы «мүмкіндіктер терезелерін» сауатты пайдалана ала ма, әлде технологиялық шеткері рөлге ие бола ма?», – деді саясаттанушы.

ҚР ҰЭМ Экономикалық зерттеулер институтының деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытайдан тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 748,3 млн долларды құрады және 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,6%-ке өсті (573,2 млн долл.). Сонымен қатар, бұл 2019 жылдан бері ҚХР-дан тартылған ТШИ ағынының ең жоғары көрсеткіші болып табылады (2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ТШИ көлемі 789 млн доллар болған).  2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынындағы Қытайдың үлесі 5,6% құрайды, бұл ҚР-дағы инвестор елдер арасында 5-ші көрсеткіш болып табылады. Қытайдың «CNPC» ұлттық мұнай-газ корпорациясы жүзеге асыратын ауқымды жобалар КХР-дың Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестицияларының үлкен көлемінің себебі болып табылады. «CNPC» компаниясымен Ақтөбе облысында көмірсутек шикізатының кен орнын игеру, Қазақстан аумағы бойынша Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбырын салу, Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарындағы, Шымкент МӨЗ-дегі үлестер сияқты ҚР экономикасы үшін маңызды жобалар байланысты.

Сондай-ақ, «Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына» сәйкес, 2023 жылы қытайлық инвесторлардың қатысуымен мынадай жобалар іске асырылды:

  • Қостанай облысында Jetour автомобильдерін өндіру;
  • Жетісу облысында керамикалық жабындар мен плиталар өндірісі;
  • Жамбыл облысында металлургиялық өндірістің мырыш-қорғасын қалдықтарын қайта өңдеу;
  • «Борей» жел электр станцияларының электр энергиясын өндіру (100 МВт).
Сондай-ақ оқыңыз