Экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу ұғымдарын шатастырмау қажет – Сауда және интеграция министрлігі
Фото: kursiv.media
Экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу ұғымдарын шатастырмау керек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 19 қазан күні Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев журналистерге Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін айтты. Бейсенбі күні кешке Сауда және интеграция министрлігінің сайтына вице-министрдің пікіріне керағар мәлімдеме жарияланды.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін kursiv.media тілшісі Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, вице-министр Қ. Төребаев пен министрліктің мәлімдемесі неге бір-біріне қарама-қайшы екенін сұрады.
Министрлік баспасөз қызметінің дерегінше, 106 тауардың эксспортын шектеу туралы ақпарат дұрыс қабылданбаған.
«Сөз шектеу туралы емес, экспорттық бақылау жөнінде. Экспорттық бақылау шектеу емес. Экспорттық бақылау ерекше режим. Тауар транзитіне, оның кіруіне, шығуына лицензия алуға рұқсат беретін режим. Біз 106 тауар туралы айтқанда халықаралық міндеттемелерге негізделген тізімді назарға аламыз. Тізім өзгеріп тұрады. Біз, әріптестерімізбен тізімге бірқатар өзгеріс енгіздік. Бұл санкцияға байланысты емес…», – деп жауап берді Сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
Тілші ешқандай тауарға шектеу қойылған жоқ па, чиптар бұрынғыдай сатылып жатыр ма? деп нақтылады.
«Иә, дұрыс, тауарларды сатуға болады, тек техникалық тауарларға лицензия алу қажет. Егер, құжатыңыз дұрыс болса, мерзімінде ұсынылса, талапқа сай болса, ешқандай кедергісіз тауарды шығара аласыз», – деді баспасөз қызметінің өкілі.
Дұрыс ақпарат таратпағаны үшін вице-министрге қандай да бір шара қолданылды ма деген тілші сауалына, баспасөз қызметінің өкілі: «Вице-министрге ешқандай шара қолданылған жоқ. Мәселе талқыланды. Ақпаратты дұрыс жеткізу жөнінде айтылды», – деді.
Тілші дрон, чип, арнайы электроника Ресейге шығарылып жатыр ма деп нақтылағанда Сауда және интеграция министрлігінің өкілі:
«Еуропалықтар санкцияны Ресейге салды. Қазақстан тарапына ешқандай шектеу жоқ. Дрон, чип бізге әскери мақсатта ғана емес, азаматтық қоғамда да қажет. Бұларды Қазақстанға сатуға қатысты қандай да бір шектеу жоқ. Біздің тарапымыздан да шектеу, тыйым жоқ. Экспорттық бақылау аясындағы қадағалау ғана бар. Қай елге апарсаңызда, мейлі Ресей, мейлі Қытай, мейлі Өзбекстан болсын дрон үшін лицензия талап етіледі. Импортта да солай. Бұл жерде ұлттық қауіпсіздік мәселесі бар. Сондықтан осындай бақылау жүреді. Экспорттық бақылау бұрыннан бар. Ол 20 жылдан астам уақыт қолданыста», – деді.
Сауда министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу деген ұғымды шатастырмау қажет.
«Экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу немесе тыйым салу екі түрлі нәрсе. Экспорттық бақылау – ерекше режим. Сауда саясатында жалпыға ортақ қабылданған термин бар. Шектеу туралы сөз қозғағанда әңгіме нақты шектеуге қатысты болады»», – деді.
Тілші экспорттық тауардың ешқайсына шектеу қойылмаған ба деп сауал қойды.
«Санкцияға қатысы бар тауарларға шектеу жоқ. Шатаспасам, мұнай өнімдерін шығаруға шектеу қойылған. Алайда мұның санкцияға қатысы жоқ. Бұл дефицитке, баға айырмасына қатысты дүние. Объективті себептерге байланысты Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасы төмен. Бұған дейін өзімізде жетпей жатқан тауарларды сыртқа шығаруға шектеу қойылған. Азық-түлік тауарларын сыртқа шығаруға тыйым салынған. Ковид кезінде бірқатар проблемалар болған. Мұндай шектеулер жиі болады. Бұл экономикалық факторға байланысты қолданылатын шара. Санкцияға байланысты емес», – деп жауап берді баспасөз қызметінен.
Тілші былтыр Қазақстан Ресейге 1,23 миллион долларға жуық дрон экспорттады дегенді растайсыз ба? дегенде баспасөз қызметінің өкілі:
«Менде мұндай мәлімет жоқ. Бұл сұрақты Мемлекетттік кірістер комитетіндегі әріптестерімізге қою керек шығар. Кедендік статистиканы солар жүргізеді», – деді.
Тілші мамыр айында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев журналистердің дрондарға қатысты қойған сауалына жауап бере алмағанын алға тартып, баспасөз қызметінің өкілінен бұл қалай деп сұрады.
Ол: «Мен өзімнен лауазымы жоғары тұрған адамның сөзіне пікір білдіре алмаймын», – деп тіл қатты.
Тілші баспасөз қызметінің өкілінен сізге «Аспан Арба» деген компания таныс па деп сұрады. Ол мүдірмей: «Иә, ол туралы БАҚ-та жазылды. Сауда және интеграция министрлігінде бұл компаниямен ынтымақтастық жоқ. Бұл сұрақты уәкілетті органға қоюды ұсынар едім…», – деп жауап берді.