Жаңалықтар

Қазақстан 10 жылдан бері туристік брендін әзірлей алмай отыр – Туризм және спорт министрлігі

Фото: kursiv.media

Биылғы 6 ай ішінде елімізде 3,1 млн қазақстандық турист саяхаттаған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Бұл жайлы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты.

Вице-министрдің айтуынша ел ішінде демалатын азаматтар қатары артқан. Жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн-ға артады деп болжанып отыр.

«Тек ішкі туристер ғана емес, шетелдік туристер саны да өсті. Өткен жылмен салыстырғанда, шетелдік туристер саны екі есе өскен. Өткен жылы 292 мың шетелдік турист саяхаттаған болса, осы жылы 516 мыңнан астам турист келген екен. Бұл көрсеткіш жыл соңыңа дейін 1,4 млн жетеді деп күтілуде. Биыл туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Мақсатты көрсеткіштер бекітілді. 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіруді қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.

Биылдың қорытындысы бойынша туризмнен 400 млрд теңге салық түседі деп жоспарланып отыр. Бұл 2019 жыл көрсеткішімен салыстырғанда екі есе көп.

Вице-министр сонымен бірге 10 жылдан бері туристік брендтің әзірленбегенін, оған қатысты шешім қабылдау қиынға соғып жатқаны себепті мерзімі ұзап кеткенін айтты.

«Брендке келер болса, 10 жылдан бері біз бір шешімге келе алмадық. Сондықтан біз алдағы уақытта Қазақстанның туристік брендіне қатысты конкурс жариялаймыз. Оны БАҚ-та хабарлаймыз. Осы мәселеге қызығушылық білдіретін дизайнерлер болса, қатыса алады», деді ол.

Осы орайда Алматы облысында орналасқан Саты ауылының – UNWTO таңдауы бойынша әлемнің үздік туристік ауылы атағына ие болғанын айта кеткен жөн. UNWTO-ның «Үздік туристік ауылдар» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Ол туризмді ауылдық аумақтардың дамуы мен әл-ауқатының қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған. Саты – «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында (Алматы облысы) орналасқан, онда туристік нысандар-аттас көлдер тобы және Қайыңды көлі бар.