Контрафактілік дәрілер азаяды: Үкімет дәрі-дәрмекті қадағалайтын жаңа жүйені іске қосады

Жарияланды
Қазақстанда дәрі-дәрмекі қадағалау бойынша ақпараттық жүйе іске қосылады / Фото: kursiv.media

Алдағы жылы Қазақстанда дәрілерді қадағалау мақсатында оларға Data Matrix коды қолданылатын болады. Бұл жайлы Үкімет үйінде премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

Атап айтқанда, елімізде дәрі-дәрмектерді қадағалау бойынша ақпараттық жүйе мен балабақшаға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы іске қосылады. Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бұл саладағы бірнеше мәселені шешуге ықпал етеді. Мәселен, бұл жүйе медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және өтірік есептен шығару мүмкіндігін жояды, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзімдеріне мониторинг жүргізуге жол ашады. Ол үшін әр қорапқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылатын болады. Нәтижесінде республикадағы дәрілік заттардың толық айналымы өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға мүмкіндік туады. 

«Жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафактілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне еш күмәнданбауына болады», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Яғни ашықтықты арттыру арқылы ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға болады. мүмкіндік туатыны атап өтілді. Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев бұл жүйе әр дәірінің таблеткасына дейін қадғалауға мүмкіндік беретінін айтты.

«Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын едәуір төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы платформада дәрі-дәрмек қорын таблетка санына дейін қадағалауға болады», деді ол.

Қазір жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Қадағалау жүйесін 2024 жылдың шілдесінен бастап енгізу жоспарланған.

Премьер-Министр платформаның барынша тиімді болуы және ауруханалар, емханалар, ауылдық денсаулық сақтау мекемелері мен дәріханаларда қолдануға ыңғайлы болуы үшін оның барлық функционалдығын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Сонымен бірге үкімет басшысы балабақшаларға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы жобасымен танысты. Бұл жоба ата-аналарға ыңғайлы болу үшін және мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін әзірленген.

Бұл жүйе енгізілсе, ата-аналар Egov.kz мемлекеттік порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы балабақшаға кезекке қоя алады. Сонымен бірге бұрын бір ғана балабақшаны таңдау мүмкін болса, жаңа жүйеде бірден 4 балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік берілмек. Кейін онлайн режимде берілген өтініштің мәртебесі бақыланып отырады. Ал мекемелердің бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады. Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді. Аталған цифрлық шешім қазір пилоттық режимде пысықталуда. Бірыңғай деректер базасын іске қосу 2024 жылдың қаңтарына жоспарланған.

Премьер-Министр бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталуы керектігін атап өтті.

Еске сала кетсек, Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылатыны туралы Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтқан болатын.

«Қазір Білім министрлігі кезекке тұрудың жаңа механизмін әзірлеуде. Деректер базасы баланың кезекке тұру және жолдама алу құқығының заңдылығын толық тексеретін интеграциялық алаңға айналады. Жаңа базаға сәйкес мектепке дейінгі ұйымды таңдауда мүлдем жаңа тәсілмен жұмыс істеп жатырмыз. Әр отбасы отбасының өмірлік жағдайына қарай төрт мектепке дейінгі ұйымды таңдау құқығына ие болады», деген еді Жұмаділдаева.

Сондай-ақ оқыңыз