Chevron Corp американдық энергетикалық компаниясы Hess Corp мұнай-газ компаниясын 53 миллиард долларға сатып алу туралы келісімге келді, деп хабарлайды Интерфакс ру.
Қарызды ескере отырып, мәміле сомасы 60 млрд долларды құрады.
Мәміле толығымен акциялармен төленеді. Акционерлер әрбір Hess қағазы үшін 1,025 Chevron акциясын алады. Осылайша, Hess қағаздарының құны бір акция үшін 171 долларға бағаланады.
Chevron Hess компаниясын сатып ала отырып, активтерінің портфелін жақсартуға және әртараптандыруға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, Гайанадағы Stabroek кен орны және Солтүстік Дакотадағы Bakken тақтатас кен орнындағы активтер ерекше құнды.
Мәміле 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жабылады деп күтілуде. Осыдан кейін Hess басшысы Джон Хесс Chevron директорлар кеңесінде қызмет етеді деп күтілуде.