Қазақстанда авиациялық қауіпсіздік қызметі құрылады
Бұл құрылымға еліміздің әуежайлары мен әуеайлақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.
Қаңтар оқиғасы Қазақстандағы әуежайлардың қауіпсіздігі сын көтермейтінін көрсетті. Стратегиялық нысан теріс пиғылды адамдардың қолына өтіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған заң жобасының салыстырма кестесінде.
«Қаңтар айындағы оқиғалар деструктивті азаматтардың іс-әрекетінен стратегиялық нысандар ретінде әуежайлардың осалдығын көрсетті», – деп жазылды.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Орталық хатшылығында жұмыс істеген отандасымыз Абыл Кекілбаев Қазақстанда авиациялық қауіп¬сіздік деңгейі төмен екенін алға тартады.
Оның сөзінше, «Қаңтар қасіреті» кезінде Алматы әуежайы «жау» қолына оңай өтті. Себебі ешкім «Қаңтар қасіретіне» дейін әуежайдың стратегиялық нысан екеніне мән бермеді.
«Қаңтар қасіреті» әуежайларда болуы ықтимал оқыс оқиғаларға дайын емес екенімізді көрсетті. Авиация саласы төтенше жағ-дайға мүлдем дайын болмады. Авиация саласында тәртіп, жүйе жоқ екені әшкереленді», – деді А. Кекілбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан авиациясындағы қауіпсіздік деңгейі ИКАО стандарты бойынша 82%-ды құрайтыны жарияланды.
Заң жобасына енгізілген өзгерiстер мен толықтыруларға байланысты бұдан былай әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі бір басшылыққа бағынады. Бұл әуежайлар мен әуеайлақтарының қауіпсіздігін күшейту үшін қабылданған шешім.
Авиациялық қауіпсіздік қызметінің құрамы әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейтін адамдардан жасақталады. Олар әуежай басшылығынан тәуелсіз болады. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерін дербес басқарады.
Авиациялық қауіпсіздік қызметінде бірыңғай басқару тәсілі қолданылады. Кадрлардың кәсіби біліктілігі мен шеберлігін шыңдауға басымдық беріледі. Авиациялық қауіпсіздік қызметі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бағынады және халықаралық стандартқа сай қауіпсіздіктің бірыңғай жүйесін қалыптастырады.