2023 жылдың 1 қарашасында кәсіпкерлердің Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттау үшін еркін нысанда берген мұнай паспорттарының қолданылу мерзімі аяқталады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 29 тамызында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері «Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған мұнайдың қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентіне (ЕАЭО ТР 045/2017) өзгерістерді бекітті.
Бұл өзгерістер мұнай үлгілерін (сынамаларын) сынау кезінде алынған мұнай көрсеткіштерінің нақты мәндерінің ЕАЭО ТР 045/2017 талаптарына сәйкестігін растайтын мұнай паспортының бірыңғай нысанын белгілейді.
Егер бұрын ЕАЭО ТР 045/2017 сәйкестігіне мұнай паспорттарының нысандарын шаруашылық жүргізуші субъектілер мұнайды қабылдау/тапсыру операцияларын жүргізу кезінде өздерінің жауапкершілік аймағында жеке әзірлеген болса, қазір «бестікке» бекітілген бірыңғай нысан қолданылатын болады.
Бұл техникалық регламенттер талаптарын түсіндіруге және сатылатын өнімнің қауіпсіздігіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді.
ЕЭК Кеңесінің шешімі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінен бастап күшіне енеді және ЕАЭО кедендік аумағында айналымға жіберілген мұнайды өндірушілер мен импорттаушыларды бірыңғай нысан бойынша төлқұжаттар беруге міндеттейді. Осы уақытқа дейін жіберілген барлық төлқұжаттар 1 қарашадан бастап жарамсыз болады.