Үкімет көздеген межесіне жетеді: AERC жылдық инфляция 9,39% деңгейінде қалыптасады деп болжап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) Қазақстандағы инфляция деңгейі төмендейді деген болжам жасайды. Қазан-қараша айларында ақырындап азаятын инфляция, желтосанда жылдық 9,39 пайыз деңгейінде тұрақтамақ. Сарапшылар оған ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді деп тұжырымдайды. Бұл көрсеткіш – Үкіметтің жыл соңына дейін жетуді көздеп отырған межесі.

AERC мамандары қазан айында инфляция 10,74 пайызды құраса, қараша айындағы көрсеткіш 9,94% деңгейінде қалыптасады деген пікірде.

«2023 жылдың қазан және қараша айларындағы инфляция болжамын ескере отырып, AERC 2023 жылғы желтоқсанда жылдық инфляцияны 9,39% деңгейінде болжайды. AERC айлық инфляция деңгейі 2023 жылдың желтоқсанында 0,67% болады деп күтеді», -делінген шолуда.

Сарапшылар инфляцияның баяулауына ықпал еткен ішкі факторлар ретінде халықтың номалды табысының артуын, теңгенің құнсыздануын атап отыр. 2023 жылдың тамызында халықтың номиналды табысы 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда 15,2 пайыз өскен екен.

Ал сыртқы факторлар қатарында Еуроаймақтағы инфляцияның төмендеуі, мұнай бағасының қымбаттауы, азық-түлік тауарлары индексінің өзгеруі бар.

Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 11,8%-ды құрады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов үкімет отырысындағы баяндамасында инфляция 7 ай қатарынан төмендеп келе жатқанын атап өткен.

«Жылдық инфляция қатаң ақша-кредит саясаты жағдайлары мен 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі аясында баяулады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің өсу қарқыны баяулады», – деді ол.

Алайда Әлихан Смайылов Ұлттық банк мәлімдемесін ұнатпай қалып, инфляцияның баяулауы – Үкімет жұмысының нәтижесі деді.

«Сіз инфляцияның баяулауын өткен жылдың жоғары базасымен байланыстырып отырсыз. Бұл дұрыс емес. Инфляцияның айтарлықтай баяулауы Үкіметтің инфляцияға қарсы кешенді жұмысының арқасында мүмкін болды», – деді Әлихан Смайылов.

Енді AERC болжап отырған шама – ел Үкіметінің инфляцияға қатысты көздеп отырған межесімен қарайлас. 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3% құраған еді. Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі ее азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деген болатын.

Инфляция екі есе төмендейді дегенімізбен, сарапшылар инфляцияның баяулауы – азық-түліктің арзандауы емес деп тұжырымдайды.  Бұған бір себеп – негізінен шикізаттық ел екеніміз болса, екінші себеп – Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырғанымыз. 

Сондай-ақ оқыңыз