Жаңалықтар

Антикор бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады

Марат Бекетаевтың ұсталғаны расталды / Коллаж: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады.

«Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі М. Бекетаев екенін растаймыз.
Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды», делінген хабарламада.

21 қазан күні үлестес компанияның мүдделерін қолдап, мемлекетке үлкен зиян келтірді деген күдікпен бұрынғы Әділет министрі ұсталғаны хабарланды. Алайда қай экс-министр екені нақтыланбаған болатын. Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінген.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда», делінген Агенттік таратқан хабарламада.

Марат Бекетаев Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып тұрған тұста 2016 жылғы 13 қыркүйекте және 2019 жылғы 25 ақпан күні, яғни екі рет Әділет министрі болып тағайындалған. Ол «Қаңтар оқиғасынан» кейін креслосынан айырылған.