Қазақстандық мектептерде бірінші тоқсан аяқталуда. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі 2023-2024 оқу жылындағы бірінші тоқсаннан кейінгі оқушылардың күзгі каникулы қанша күнге созылатыны және демалыс уақытында ұсынылатын іс-шаралар туралы ақпарат жариялады.
«Күзгі демалыс 2023 жылдың 30-қазаны мен 5-қарашасын қоса алғанда жеті күнге созылады», делінген ақпаратта.
Министрлік демалыс уақытында Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар ұсыну арқылы мектеп оқушыларының күзгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізуі мен жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға ықпал етуді көздер отыр.
Іс-шаралар жоспары қандай:
– жоғары сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен бірлесіп ғылыми жоба жұмыстарының мазмұны бойынша ақпараттық-танымдық сабақтар, ЖОО-ның оқытушыларымен кездесулер ұйымдастыру, ғылыми жобалар туралы сұхбаттар өткізу;
– «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру аясында оқырмандармен кездесу ұйымдастыру және оқылған әдебиеттерді талқылау;
– «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізу, «Педагог-бала-ата-ана» бірлесуімен отбасылық дәстүрлер туралы әңгіме жүргізу;
– Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Қожа Ахмет Яссауи мұраларын оқу» тақырыбында оқушылар арасында эссе мен жобалық жұмыстар жазу;
– оқушылар арасында «Өнегелі өмір» тақырыбында эссе жазудан байқау өткізу, балалардың үздік жұмыстарын атап өту;
– оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлесіп «Денсаулық сақтаудың 6 шарты – таза ауа, дұрыс тамақтану, қозғалыс, тыныш ұйқы, жақсы көңіл-күй, күйзеліске түспеу» тақырыбында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу;
– «Әкеге ізет, анаға құрмет» тақырыбында «Жас ақындар айтысы» байқауын ұйымдастыру, жеңімпаздарын марапаттау енгізілді.
Министрлік мәліметінше, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.