Атырау МӨЗ-і жөндеу жұмыстарынан кейін, қараша айының алғашқы онкүндігінде толық жобалық қуатына шығады

Жарияланды
Атырау МӨз-і толық жобалық қуатына шығады / kmg.kz и shutterstock

21 қазанда Атырау МӨЗ-і жоспарлы алдын-ала тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы аяқталып, технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылғанын жария етті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көлемі — 9 500 тонна. Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығарыла бастады: автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны — тәулігіне 1 500 тонна.

«Қалған технологиялық қондырғыларда жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығару жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, жоспарлы-алдын ала тексеру басталғаннан бүгінгі күнге дейін жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонналық жабдықтардың ішкі құрылғыларын модификациялау және т.б жұмыстар атқарылды. Қысыммен жұмыс істейтін түтікшелерді тексеру жалғасуда.

Атырау МӨЗ-де экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды анықтайтын автоматтандырылған жүйесін орнату жобасы жүзеге асып жатқаны да хабарланды.

Жоспарлы-алдын ала тексеру барысында технологиялық пештердің мұржаларына автоматтандырылған бақылау жүйесін монтаждауға қажетті барлық жұмыстар орындалды.

«Атырау МӨЗ қараша айының алғашқы онкүндігінде толық жобалық қуатына шығады деп жоспарланған», делінген хабарламада.

2023 жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының төрт технологиялық қондырғысына автоматты бақылау жүйесі енгізілетіні хабарланған еді. Ал 2028 жылдың соңына дейін кәсіпорын Атырау облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кемінде бес жобаны жүзеге асырады, деп хабарлады «Атырау МӨЗ» ЖШС баспасөз қызметі.

Жоспарланған экологиялық жобаларды іске асырудың нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты 2028 жылға қарай аталған нысандардан ауаға жіберілетін шығарындыларды шамамен 82%-ға, яғни 1242 тоннадан 223 тоннаға дейін төмендетуді, сондай-ақ табиғи су ресурстарын пайдалануды және өндірістік қызмет нәтижесінде бөлінетін жағымсыз иісті азайтуды жоспарлап отыр, – деді Атырауда өткен брифинг барысында зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов.

13-қыркүйек күні Атырау мұнай өңдеу зауыты бірқатар қондырғылардың жұмысы тоқтағанын хабарлаған болатын. 2023 жылы шілде айында Атырау МӨЗ еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттардың ішінде алғашқы болып К5 экологиялық класты, Еуро-5 аналогы болып саналатын АИ-92 автобензинін шығара бастағанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз