Халықаралық шарт: Қазақстанда Француз даму агенттігі құрылады

Жарияланды
Фото: gov.kz

Қазақстанда Француз даму агенттігі құрылады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобын (ФДА) кұру және оның жұмыс істеуі» жөніндегі келісім жобасына қол қою туралы» қаулы «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобын (ФДА) кұру және оның жұмыс істеуі» жөніндегі келісімі мақұлдансын. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыровқа, қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобын (ФДА) кұру және оның жұмыс істеуі» жөніндегі келісіміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін», делінген құжатта.

Француз даму агенттігі, оның жекеше секторды дамытуды қаржыландыруға маманданған «Société de promotion et de Participation pour la coopération Economique» (PROPARCO) еншілес компаниясы және француздық техникалық жәрдемдесуді және шетелде халықаралық сараптамалық білім мен тәжірибені ілгерілетуге маманданған «Expertise France» еншілес компаниясы бірігіп, ФДА тобын құру арқылы өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында дамытуға мүдделі.

Ол бірінші кезекте орнықты даму саласында өсуді, орнықты дамуды және мақсаттарға қол жеткізуді қолдау үшін өтпелі экономикасы бар елдерде және дамушы елдерде жеке инвестицияларды ынталандыру мақсатын көздейді.

ФДА тобы дамушы елдерге ресми көмек көрсетуде орталық орынға ие және өз қызметін шамамен 60 жергілікті өкілдіктен тұратын өз желісінің арқасында 80-нен астам елде жүзеге асырады.

«Бұл келісімнің мақсаты – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы екі жақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту. Жоба тараптардың экономикалық ынтымақтастығын жан-жақты дамытуға бағытталған, қаржы және техникалық көмек сияқты экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де қамтиды», делінген құжатта.

Қаулы күшіне енгенде ФДА тобы өз қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыру үшін  қажетті құқықтық қабілеттілікке ие және осы ретте шарттар жасаса алады, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, жылжымалы және  жылжымайтын мүлікті сатып алып, оған иелік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.

Бұл мекеме кедейлікпен күрес жүргізіп, экономикалық өсуді қолдайды және дамушы елдерде, өтпелі экономикасы бар елдерде, Францияның теңіздің арғы жағындағы аумақтарында жаһандық қоғамдық игіліктерді сақтауға қатысады.

Оған Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі, Экономика және қаржы министрлігі, Теңіздің арғы жағындағы аумақтар министрлігі және Францияның Ішкі істер министрлігі жетекшілік ететінін, Францияның даму мақсаттарына жәрдем көрсету жөніндегі саясатын жүзеге асыратынын және осы министрліктердің бақылауымен және олармен тығыз ынтымақтастықта іс-қимыл жасайды.

«Өз қызметін бірінші кезекте қабылдаушы мемлекеттің басым инвестициялық бағдарламасы шеңберінде мемлекетке, жергілікті мемлекеттік билік органдарына, сондай-ақ мемлекеттік және жеке қаржылық мекемелер мен кәсіпорындарға гранттар, ұзақ мерзімді қарыздар мен кепілдіктер беру арқылы немесе өз қызметін іске асыру саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардағы үлестерді сатып алу нысанында жүзеге асыратыны», айтылған құжатта.

Ұйым сонымен бірге экономикалық тұрғыдан тиімді, әлеуметтік тұрғыдан әділ, экологиялық орнықты және қаржылық тұрғыдан тиімді операцияларды қаржыландырып, өтпелі экономикасы бар ірі елдерден бастап ең кедей елдерге, оның ішінде Африкаға дейін әлеуметтік және экологиялық жауаптылыққа қойылатын жоғары талаптары бар географиялық аймаққа инвестиция салады.

Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы бір-бірін жазбаша нысанда хабардар етеді, ол  хабарламалардың ең соңғысы алынған күннен кейін бір айдан соң күшіне енеді.

Ал Қазақстан үкіметінің осы қаулысы 3 қарашаға дейін талқылауда болып, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз