«Бұл – бар болғаны бюрократия»: Әлихан Смайылов инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алмай жатқан әкімдіктерді сынға алды

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Елімізде 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты.

«9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды», деді вице-министр.

Биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңгені құрайтын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Ол жобалардың ішінде тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар мен шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы да бар. Ал қазіргі уақытта құны 200 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылған.

Вице-министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша қағаз өнімдерін, сусындар мен тамақ өнімдерін шығаратын компаниялар арасында оң динамика байқалған. Ал салалық жеңіл өнеркәсіпте инвестиция тарту 2,5 есеге өсіп, 11,3 млрд теңгеге жетсе, жиһаз өндірісінде – 4,5 есе, яғни 14 млрд теңгеге дейін, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 1,6 есе, яғни 81,4 млрд теңгеге дейін өсім тіркелген.

«Өңірлер 2027 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды кейінгі жылдарға шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу, жабдықтардың жеткізілмеуі немесе кешіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мәселелеріне байланысты болып отыр», министрлік өкілі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов кейінге шегерілген инвестициялық жоблардың ішінде алтын кендерін өңдейтін кен-байыту фабрикасы да бар екенін, бұған электр қуаты мен газға қосылуға техникалық шарттар мен келісімдер мерзімінің жарты жылға созылып кетуі себеп болғанын айтты.

«Тек қана жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өздеріңіздің тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды»,- деді Әлихан Смайылов өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

Ол сонымен қатар Ақтөбе облысында өңдеу саласына тартылған инвестициялардың төмендеп кеткен. Өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.

«Мысал ретінде айтсақ, облыста керамикалық плиткаларды өндіру жобасын іске асыру тоқтатылды. Әкімдік жер учаскесін бөлу рәсімін жарты жылдан астам уақытқа созып жіберді. Нәтижесінде инвестор жобаны басқа аймаққа көшіру мәселесін қарастырып отыр. Бұл жобалар, ең алдымен, өңір экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан, облыс әкімдігі аталған компаниялармен бірлесіп, барлық туындаған мәселелерді тез арада шешуі қажет»,- деді үкімет басшысы.

Ол сонымен бірге Ақмола облысында да 9 айда инвестиция көлемі төмендеп кеткенін, 6 инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері бұзылып отырғанын айтты. Мәселен, кірпіш зауытын салу жобасы 2021 жылдан бері созылып келген. Өйткені әкімдік инвесторға балшық өндіруге лицензия бермеген. Дәл осылайша Маңғыстау облысында да 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.

«Өңірде аммиак және карбамид өндіру бойынша перспективалы жоба бар, бірақ оған қажетті инфрақұрылым тартылмаған. Сондай-ақ негізгі шикізат болып отырған табиғи газды жеткізу мәселесі шешілмеген», деді Смайылов.

Премьер-Министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде неғұрлым белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіштер жақсарады.

«Қандай да бір қиындықтар туындаса әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет. Ол үшін барлық құралдар мен механизмдер қарастырылған. Әкімдер оларды жергілікті жерлерде дұрыс және белсенді түрде іске асыруы керек»,- деп атап өтті премьер-министр.

Ол Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы инвестиция көлемін өсіріп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз