Қазақ-қырғыз шекарасында тағы кептеліс: Қырғыз тарапы себебін түсіндірді

Жарияланды
пробка
Фото: shutterstock

Өткен тәуліктен бері Қазақстан мен Қырғыз республикасы арасындағы «Ақ-Тілек автодорожный» бекетінде жүк көліктерінің кептелісі басталған. Қырғыз мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі себебін түсіндірді.

Шекара қызметінің ақпарат және коммуникациялар департаменті соңғы тәулікте Қырғызстаннан Қазақстанға «Ақ-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу бекеті арқылы жеңіл және Кант цемент зауытының өнімдерін тасымалдайтын жүк көліктерін есептемегенде, 297 жүк көлігі шыққанын хабарлады.

«Ақ-Тілек-автодорожный» өткізу бекетіндегі өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, жүк көліктерінің кептелісі тіркелген. 2023 жылдың 23 қазанында сағат 12:00 жағдай бойынша. Қырғызстаннан шығу үшін 410 жүк көлігі «Ақ-Тілек-автодорожный» өткізу бекетінің алдында шекаралық бақылаудан өту үшін кезекте тұр», делінген баспасөз хабарламасында.

Қырғызстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі бақылау-өткізу бекетінде жүк көліктерінің бұлайша жиналуы маусымдық құбылыс екенін мәлімдеген. Кептелістің артуына Қырғыз Республикасынан ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар экспортының артуы себеп болған.

«Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметінен де, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен де жүк көліктеріне шектеу қойылмаған. Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттері әдеттегідей жұмыс істеп тұр», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 22 тамыз күні Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кеденде cу дауына байланысты кептеліс басталды деген хабар тарады. Қырғызстанға көліктер еркін өтіп жатса, бері қарай жүк көліктерінің өтуі қиындаған.

Кедендегі көлік кептелісі 20 тамыз күні таңғы сағат 8:00-ден басталған. «Кең-Бұлун-Автодорожный» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінде ауыр жүк көліктері қаптай бастаған. Сол күні таңнан кешке дейін небары 15-ке жуық жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алған. Мұндай кептелістің себебін біреулер Өзбекстаннан келген көліктен есірткі табылғанымен байланыстырса, енді бірі «қырғыз тарапы су жібермей қойғаны себепті Қазақстан шекарадан көліктерді өткізбей жатыр» деген ақпарат таратқан.

Ал 24 тамыз күні Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісіне қатысты мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссиясы араласты. Қырғызстанның Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға қырғыз-қазақ шекарасындағы өткізу пунктінде жүк көліктерінің өтуіне қатысты жағдайды зерделеуді сұрап үндеу хат жолдаған.

Сол күні кеште экономика және сауда Министрінің орынбасары Назарбек Малаев  қырғыз-қазақ шекарасында көліктерді өткізу жағдайы жақсара бастағаны туралы хабарлады.

«Жағдай жақсарып келе жатқандықтан, Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерімен кездесу барысында біз Қырғызстан мен Қазақстан мәселені екіжақты форматта шешетінін атап өттік. Әзірге біз ЕЭК және Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық алаңдарға жүгінбейміз»,- деп атап өтті Назарбек Малаев.

Ал 26 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді тапсырды.  

Кейін 28 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның бақылау бекеттеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Шекара қызметі есірткі заттарды тасымалдаудың 35 фактісін, 33 қару мен оқ-дәрілер, 20 жалған құжат пайдалану, 36 қос азаматтық, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі, жалған құжаттарды пайдаланып көлік құралдарын әкелу және әкету бойынша 27 фактті анықтаған. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 909 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз