Назарбаев кеңсесі Президенттік орталыққа айналды: Мекеме немен айналысады?

Жарияланды

Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесі Президенттік орталыққа айналды. Енді бұл мекемеде мемлекетті басқарған тұлғаларға қатысты тарихи мұра сақталатын болады.

Президенттік орталық ұлттық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде тәуелсіз Қазақстан көшбасшыларының тарихи мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау мақсатында құрылған. Онда Қазақстанның президенттік институтына қатысты жәдігерлер орталықтандырылмақ.

Жаңадан құрылған орталыққа экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары, сондай-ақ бұрын Тұңғыш Президент кітапханасында сақталған мұражай экспонаттарының жинағы берілген. Бүгінгі таңда қорларда 150 мыңнан астам мұрағаттық құжат, 40 мың кітап және 12 мың мұражай заттары бар.

«Орталыққа қазіргі президенттің жеке құжаттары мен тарихи-мәдени құнды заттары да өткізіледі. Ал болашақта мұнда Қазақстанның кейінгі президенттерінің тиісті материалдары жинақталады. Орталықта Қазақстан басшыларының құжаттарымен бірге. Тәуелсіздігіміздің тарихына қатысты материалдарды жинақтау, жүйелеу және зерделеу жоспарлануда. Осылайша, Президенттік орталық Қазақстанның жаңа саяси тарихына арналған ірі тарихи-мемориалдық, ғылыми, мәдени және білім беру орталығына айналу көзделіп отыр»,- дейді ҚР Президенті Іс басқармасы басшысының орынбасары Асат Нұрпейісов.

Нұрпейісов президенттік орталықтың мемлекеттік құрылыс теориясы мен тәжірибесіне, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттілік тарихына арналған ғылыми және мерзімді басылымдардан тұратын аталмыш орталық кітапханасының рөлі ерекше болатынын айтады. Сондай-ақ кітапханаға келушілерге әлемнің жетекші кітапханаларының жинақтарына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде ғалымдар мен студенттердің ғылыми зерттеу жүргізуіне жол ашады. Орталық осы қызмет шеңберінде ғана қызмет көрсетіп қоймай, сонымен бірге қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылайтын жетекші сарапшылық алаңға айналады деп күтілуде. Әсіресе мәдени-ағарту шараларына көбірек көңіл бөлінбек.

Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің орнына құрылған «Президент орталығында» жұмыс істейтін қызметкерлердің тізілімі бекітілетіні туралы «Ашық НҚА» портаылында бұйрық жарияланған болатын. Бұл тізілімге «Президент орталығында» қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер енген. Құжатта А, Б және С блогынан тұратын тізілім бойынша орталыққа директор, директордың орынбасарынан бастап, қорларды сақтаушы, экскурсия жүргізуші, экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі маман, негізгі қызметтердің инженері, архивисттер алынатыны жазылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз