Заңсыз жекешелендірілген «Қазақстан инвестициялық қорының» 12 еншілес компаниясы мемлекетке қайтарылды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Заңсыз жекешелендірілген «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ 100% акциясымен қатар, 12 еншілес компаниясы қор меншігіне қайтарылды. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қаржылық мониторинг агенттігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ заңсыз жекешелендіру фактісі бойынша тергеуді жалғастыруда. Тергеу барысында «Бәйтерек» «ҰБХ» АҚ меншігіне құны 63,3 млрд теңге болатын ҚИҚ-ның 100% акциясын қайтару қамтамасыз етілді», делінген баспасөз хабарламасында.

Агенттіктің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу басталған кезде Қордың Қазақстанның Даму Банкі алдында 18,7 млрд теңге көлемінде борышы болған. Агенттікпен қабылданған шаралармен, соның ішінде қолма-қол ақшамен өтеу есебінен берешек үш есеге төмендетілген. Сонымен қатар, 12 еншілес компания Қордың бақылауына қайтарылған. Ол компаниялар қатарында металл конструкцияларын, жол және құрылыс битумын шығару, шиналарды және ірі қара малдың терісін қайта өңдеу, қағаз-картон өнімдері, желімделген ағаш конструкциялар, бағыттамалы бұрмаларды шығару зауыттары және полиграфия бар.

Сондай-ақ ҚИҚ балансына Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың ғимараты және Алматы облысындағы құны 1,6 млрд теңгеден асатын жер учаскелері қайтарылған. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде «Dosjan Temir Joly» акционерлік қоғамын жылына небәрі 100 млн теңгеге 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы шарттың да күші жойылған. Өйткен бұл кәсіпорынның 2022 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасы 1,3 млрд теңгені құраған. Ал бастапқы бағалау кезінде бұл ескерілмеген.

Еске сала кетсек, «Қазақстанның инвестициялық қоры» 2021 жылға дейін «Бәйтерек» ҰБХ иелігінде болған. Сол жылы Түркістанда тіркелген беймәлім бір компанияға әлдеқайда арзан бағаға сатылып кетеді. «D-Personnel» ЖШС компаниясы қорды небары 10,6 млрд теңгеге сатып алады. Ал жақында аталмыш компания қорды тегін негізде, мемлекет меншігіне қайтарады.

«Қазақстанның инвестициялық қоры» 2003 жылы құрылған. 2011 жылғы 10 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сенімгерлік басқаруына берілген. 2012 жылғы 28 желтоқсанда компанияның жаңа Даму стратегиясы қабылданып, соған сәйкес Қор стресстік активтерді қайта құрылымдау және басқару саласында кәсіби басқарушы компания болып белгіленген. 2013 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қордың 100% қатысу үлесі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-на берілген.

Қаржы мониторингі агенттігі қорға қатысты тергеу жұмыстарының жалғасатынын хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыз