Жаңалықтар

IT-маманның алғашқы қадамы: стартап дұрыс па, үлкен компания ма?

Фото: shutterstock

Әдетте мансап жолын әркім әртүрлі бастайды. Бірі алпауыт компанияға баруға беттемей, алдымен шағын стартаптарда істеп көреді. Енді бірі «құласаң, нардан құла» деп бірден ірі компанияларға CV жібереді. Келесі бір топ өз ісін бастап кетіп, жеке стартаппен айналысады. Kursiv.media тілшісі «стартаптан бастаған дұрыс па, әлде үлкен компанияда тәжірибе жинаудан бастаған жөн бе?» деген сауалды бірнеше IT-маманға қойып көрді. 

Нәрікби Мақсұт, Booking.com iOS бағдарламалаушы:

Бір бағытты таңдап, соның майын ішкен маман болуың керек

«Инфлюенс, яғни «істеп жатқан жұмысыңның жемісін көру» деген түсінік бар. Алпауыт компанияда істегеннің артықшылығы сол — жемісін ірі масштабта көре алатыныңда. Қазақстанда немесе шағын компанияда істейтін болсаң, ауқымы да кішірек болады. Шетелдік компанияда істесең, әлемдік дүниені іске асыруға ат салысасың. Сол арқылы бір емес, миллиондаған адамның өмірінің өзгеруіне үлес қосасың. Екіншіден, үлкен компаниялар стандарттарды жақсы көреді. Айталық, кішігірім компанияда процестер көп болмауы мүмкін. Алпауыт жерлерде процес көп әрі белгілі бір жолға қойылған. Сондықтан тәжірибелі мамандар, стартаппен айналысатындар кеңес айтқан кезде көбіне үлкен компанияда істеген тәжірибе болуы керек дейді. Неліктен? Өйткені ірі компанияларда процестер реттелген болады. Сол көрген тәжірибені кейін өз стартабында қолдана алады. Бұл жүйелі жұмыс істеуге көмектеседі. Мынаны түсіну керек: стартап — өте жылдам өсетін дүние. Бүгін бір адам болсаң, күні ертең он адамға айналып шыға келесің. Өсу қарқынының тез болатыны сонша, процестер қойып үлгермейсің. Одан қала берді, әлдебір өзгеріс енгізіп, реттеу үшін де сенде бэкграунд болуы қажет. Процестер қою тәжірибесін жұмыс жүйесі жолға қойылған жерлерден ғана үйрене аласың. Сол себепті жас бағдарламалаушыларға стартапқа емес, шетелдік компанияларға жұмысқа кіруге ұмтылыңдар деп айтамын. IT саласында әр тарапқа шашылмай, бір затты тиянақты, нақты білген дұрыс. Бір технологияны, бағытты таңдасаң, соны түбіне дейін жеткізу қажет. Майын ішкен маман болып алсаң, кез келген компания сені жұмысқа алуға дайын болады. Өз басым осыған сүйенемін. Байқайтыным, кейде «ананы да білемін», «мынаны да білемін» деп шашылатындар болады. Шетелдік компанияларға ондай білімнің қажеті жоқ. Нақты бір затты мықты білсең жеткілікті. Backend болса, соны түбіне дейін қаз. Frontend таңдадың ба, соңына дейін бар. Product management болса, ең мықты PM болуға ұмтыл. Сол бағытты мықты біліп алған соң барып, қосымша үйрене беруге болады».

Олжас Айтбеков, Google компаниясында бағдарламалаушы:

Үлкен компанияларда әлемнің «ең, ең» деген мықты мамандары істейді

Ірі компанияда істеудің артықшылығы мол. Ең алдымен — түрлі бэкграунд, түрлі мүмкіндік пен мәдениет иелерінен жиналған ортада жұмыс істей алатының. Мәселен өзім істейтін Google — өте жан-жақты әрі сан қилы адамдардан құралған компания. Мұнда әлемнің «ең, ең» деген мықты мамандары жұмыс істейді. Жай ғана әңгімелескеннің өзінде жаңа идеялар туындап жатады. Екіншіден, тәжірибесі мен білігі мол адамдармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Олардан үйренерің көп. Бірінде PhD дәреже болса, енді бірінде түрлі салада жұмыс істеген 20 жылдық тәжірибе болады. Яғни сенің алға жылжуыңа да бұл жақсы себеп дер едім. Үшіншіден, Big Tech компанияларда істегеннің жақсы тұсы сол — әлемнің әр жерінде кеңселері болатынында. Мысалы Google-ды алатын болсақ, мұнда солай. Бір локацияға тоқталып қалмайсың. Бірер уақыт Кореядағы кеңседе істеп, одан кейін тағы бірнеше апта Жапонияда істеп көрсең болады. Максимум икемді жұмыс жағдайы жасалғандықтан, сенен бар болғаны тапсырмаларды тамаша орындап отыру ғана талап етіледі. Дедлайндарды сақтап алсаң болғаны. «Карьераны қалай бастаған дұрыс?» дегенде екі түрлі пікірді сарапқа салу керек. Айталық, стартап үшін сізде белгілі бір экспертиза қалыптасқан болуға тиіс. Өйткені мұнда жұмыс өте көп. Бірақ жақсы жері  — командада адам аз. Соның арқасында жас мамандар әр тапсырманы бір орындап көріп, өзіне не ұнайтынын, болашақта қай бағытта дамығысы келетінін жақсы түсіне алады. Стартапта бұрын өзім де істеп көрдім. Үлкен компанияларда болса, әлдебір нишаны таңдап алып, сол бағытта жылжисың. Екеуінің айырмашылығы — осында. Үлкен жерде бәрінің басын шолып көре алмайсың. Есесіне, бір таңдаған бағытқа тереңдеуге мүмкіндік бар. Соның арқасында strong background жасайсың. Әрі алпауыт компаниялар жұмыс процесін ұйымдастыру жолын жақсы біледі. Өніммен қалай жұмыс істеу керек, дизайнмен қалай жұмыс істеу дегеннен толықтай хабардар».  

Арай Сабыржан, Google компаниясының бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі инженері:

Барлығы адамның ішкі қалауы мен таңдауына ғана байланысты

          Стартапта жұмыс істеген кезде адам бірнеше дүниені қатар білуі керек. Яғни кәсіби білігін көлденең бағытта дамытады. Ал үлкен компанияларда, керісінше, тігінен дамисың. Мұнда өйткені бір саланы терең меңгеруге мән беріледі. Сол себепті «қайдан бастаған дұрыс?» десе, барлығы адамның өзіне, таңдауына байланысты деймін. Жалпы IT туралы біліп, тәжірибе жинағысы келсе, онда стартапқа барсын. Ол жерде күні-түні жұмыс істеуге дайын болуың керек. Себебі динамика қатты. Бірақ түрлі құралды пайдаланып көресің. Неше түрлі шешімдерге келесің. Дегенмен стартап үшін сеньор мамандар қажет. Оларсыз стартап бастай алмайсың. Үйренуге болатын аға-инженерлер болса, солармен бірге істеп, үйренесің. Алпауыт компанияларда мұндай қарқынды жұмыс болмайды. Тереңдікке бағытталғандықтан, қозғалыс динамикасы баяулау. Десе де, түбіне дейін баруға көмектеседі. Сондықтан барлығы адамның ішкі қалауы мен таңдауына ғана байланысты.  

Темірлан Сейдахмет, Apple компаниясының деректер ғылымы жөніндегі менеджері:

Кей адам өзін стартапта мықты көрсетсе, кейбірі командада жақсы жұмыс істейді

Қай жерден бастасаңыз да, маңыздысы — жинайтын тәжірибеңіз. Үлкен компанияға кіре алсаңыз, сөзсіз, бұл сіздің түйіндемеңіздің көркін кіргізеді. «Мен Apple компаниясында істегенмін» дегеніңіз өте жақсы плюс болады. Бірақ бұл дегеніміз шағын стартаптарда істеу жаман дегенді білдірмейді. Стартаптың қандай жақсы тұсы бар? Мұнда көп нәрсені байқап көруге мол мүмкіндік бар. Ірі компанияларда фокус қойылатындықтан, шашылмай жұмыс істейсің. Сондықтан қай жерде болсын өзінің артықшылығы да, кемшілігі де болады. Кей адамдар болады, стартапта өзін керемет көрсетеді. Енді бірі үлкен компанияның командасында жүріп жетістікке жетеді. Өзім университетті тәмамдаған соң, Чикаго қаласындағы орташа бір компанияға жұмысқа орналастым. Компания үлкендеу болғанымен, мен жұмыс істейтін команда өте шағын болды. Сол жердегі жұмыс маған үлкен трамплин бола алды. Сонда істеп, тәжірибе жинап, үйреніп, Apple-ға кірдім. Әрине, оқуды енді бітірген маманды бірден үлкен компаниялар ала қоймайды. Ондайда шағын жерлерден тәжірибе жинап барып өзіңді ұсынуың керек».