Ағалы-інілі шахматшылар «Шахмат керуені» жартылай финалының жеңімпазы атанды
Алты мың шақырым жолды басып өткен «Шахмат керуені» еліміздің солтүстік, шығыс, оңтүстік және орталық өңірлерін артқа тастады. Қазір оны Батыс Қазақстан тұрғындары күтіп отыр.
Керуеннің қалаға келуі әуесқойлар арасында жылдам шахмат турнирінің жартылай финалы өтетінін білдіреді. 10 қарашада әр облыстан үздік деп танылған 3 ойыншы гранд-финал өтетін Түркістанға аттанады.
Шахмат тунирі осы жоба үшін арнайы жасалған, тасымалданатын шыны киіз үйде өтеді. Арнайы дизайнының арқасында көрермендер жарысты сырттан тамашалай алады. Мысалы, Қызылордада төрт ер адам киіз үйдің қасына келіп, оның шыны «керегесінен» бақылап тұрды. Төртеуі де жартылай финалға шыққан спортшылардың әкесі болып шықты.
«Біздің балалар бірге оқиды, олардың ойынының арқасында біз тығыз араласып кеттік. Тіпті бөлек WhatsApp чатын құрып алдық», — дейді олардың бірі.
Осы әкелердің ұлдары жартылай финалда жеңімпаз атанды. Ең кішісі – Ернұр Ержанұлы бірінші, үлкені Нұрсәт Оспан – үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздардың әкесі олардың отбасында шахматқа деген құштарлық Ернұрдан басталғанын атап өтті:
«Әдетте кіші бала үлкенінен үлгі алады. Бізде бәрі керісінше болды. Әуелі Ернұр шахмат ойнай бастады, кейін Нұрсәт қызықты. Қазір олар 10 және 14 жаста. Ернұрда бірінші, Нұрсатта екінші санат бар», – деді ол.
Ұлдардың жаттықтырушысы Әділет Ерсерік екінші орынды иеленді.
«Шәкіртімнің мені жеңгеніне қуаныштымын. Шәкірттеріңді үздіктер қатарынан көру – үлкен қуаныш», – деді ол.
Қызылордалық зейнеткер Тимур Қасымов балалардан жеңілгеніне ренжіген жоқ.
«Елімізде шахматтың дамуы өңірлердегі шахматтың даму деңгейімен анықталады. Сондықтан керуеннің өңірлерді аралауы ерекше қуантады. Бізде өнерлі балалар өте көп. Өскелең ұрпақ бізден де мықты болатынына сенемін»,-дейді ол.
«Шахмат керуенінің» жас қатысушылары үлкендердің босаңсуына жол бермеді. Ернұр Ержанұлы ең жас жартылай финал жеңімпазы атанды. Жезқазған қаласында бірінші орын алған 10 жасар Мақсат Байсалбеков жас шегін осы деңгейде сақтап қалды. «Қола» сегізінші сынып оқушысы Сәлімжан Сақбаевқа бұйырды.
Қазақстан шахмат федерациясының Ұлытау облысы бойынша атқарушы директоры Бағдат Байсалбековтің айтуынша, керуеннің келуі облыс тұрғындарының бұл ойынға деген қызығушылығын арттырды. Шара барысында бірнеше ата-ана балаларын шахмат үйірмесіне жіберуге ниет білдірді.
Шымкент қаласы бойынша жеңімпаз атанған Әбдіқәдір Яхияев қызылордалық және жезқазғандық жігіттермен салыстырғанда, шахматты кеш ойнай бастаған. Қазір ол Жансая Әбдімәліктің мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Оның турнирге балдақпен келгеніне қарамастан, бұл оның финалға жолдама алуына кедергі болмады.
«Егер сіздің басыңыз жұмыс істесе, онда ешқандай кедергі қорқынышты емес», – дейді ол.
Ал Түркістанға керуеннің келуіне орай облыс тұрғындары үлкен мереке ұйымдастырған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарсысында жергілікті әртістер шахмат фигураларының рөлінде театрландырылған көрініс көрсетсе, ақ-қара киім киген мектеп оқушылары дойбы тақтасында музыкалық көрініс көрсетті.
Осы мерекеге қатысу үшін Нартай Ердіханов (ол жартылай финалда бірінші орын алды) облыс орталығынан 150 шақырым жердегі Арыс қаласынан келген. Екінші орын иегері 10-сынып оқушысы Әселай Сейдулла да Сарыағаштан жетті. Үшінші жүлдегер, кәсіпкер Сман Мүталиев те сол жақтан. Бірақ жартылай финалға қатысушылардың арасында тіпті Түркістаннан 400 шақырым жердегі Мақтаарал өңірінің тұрғындары да болды.
Керуен жолында шахматты өңірлерде насихаттау үшін ҚШФ өз филиалдарын ашты. Шымкент пен Қызылордадағы өкілдіктерді бизнесмендер Сапарбек Тұяқбаев пен Асқар Махамбетов басқарды. Жезқазғандағы филиалдың басшысы болып облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков, Түркістанда облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов тағайындалды. Жартылай финал басталмас бұрын ол балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушысы Алима Пашановамен бір партия ойын өткізді.
«Мен спорт басқармасының кураторымын, федерация тарапынан көрсетілген сенім – мен үшін үлкен мәртебе. Әкімдік тарапынан облыстағы шахмат қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетуге уәде береміз. Тек облыс қана емес, барлық аудан әкімдіктері де осы мақсат жолында жұмыс істейтін болады. Облысымыздың аудандарында шахматты дамыту жоспарын қабылдаймыз. Өйткені бұл ұлттың зияткерлік болашағы үшін маңызды», – дейді Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы. Әлімқұловтың өзі де бес жасынан шахмат ойнаған, бұл ойынның дағдысы әрбір мемлекеттік қызметкерде болуы керек екеніне сенімді.
Естеріңізге сала кетейік, «Шахмат керуені» 10 қыркүйекте Көкшетаудан бастау алған, екі ай бойы Қазақстанның бүкіл облыс орталықтарын аралайды. Қазақстан шахмат федерациясының бұл бастамасы Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жобаның идеясы Қазақстан тарихы және Ұлы Жібек жолының керуендерімен байланысты. Ұлы Жібек жолындағы керуендер тек тауар ғана емес, жаңа ілім-білімді де жеткізуші болды, соның арқасында шахмат Үндістаннан Азияға да, Еуропаға да жетті. Шараның басты мақсаты – еліміздің ең шалғай аудандарында да ойынды кеңінен насихаттау.
Тамыздың соңы – қыркүйектің басында ФИДЕ ережесі бойынша республиканың 20 қаласында (соның ішінде Алматы мен Астана) блиц бойынша бірыңғай іріктеу турнирі өтті (бұл форматта ойын 10 минуттан аспайды). Әр облыс бойынша 70-тен 160-қа дейін адам қатысты. Бірінші кезең қорытындысы бойынша облыстық жартылай финалға жолдама алған 20 ойыншы іріктелді. Турнир – Қазақстан шахмат федерациясының ауқымды ребрендингінің бір бөлігі. Жоба туралы ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко «Курсивке» толығырақ айтып берген. Керуен жолы бойындағы үздік бес қаладағы нәтиже туралы мына жерден оқи аласыз. Саяхаттың бейне шолуын KazChess YouTube арнасынан көре аласыз.