Төтенше жағдай және Ішкі істер министрінің халықпен кездесуге келмеуіне рұқсат берілуі мүмкін
Фото: kursiv.media
Қорғаныс және Сыртқы істер министрлерімен қатар, Төтенше жағдай және Ішкі істер министрлеріне халықпен кездесу өткізбеуге рұқсат етілуі мүмкін. Президенттің 2022 жылы шыққан «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына өзгерістер енгізілмек.
Үкімет Төтенше жағдайлар, Сыртқы істер және Ішкі істер, Қорғаныс министрлігінің басшыларына халықпен кездесу өткізбеуге рұқсат бермек. Құжат 8 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Құжат бойынша, жоғарыда аталған министрліктерден басқа бүкіл министр жыл бойына халықпен кездесу өткізуге міндетті. Осы мақсатта жергілікті әкімдіктер жарты жылда бір рет халықты толғандыратын мәселелер тізімін анықтап, кездесу өтетін күн мен орнын белгілейді. Оны алдағы жартыжылдыққа арналған кестені қалыптастыру үшін Мәдениет және ақпарат минитрлігіне жібереді. Одан кейін Мәденит және ақпарат министрлігі ведомствоаралық комиссиямен кездесу кестесін бекітеді.
Сонымен қатар кездесу өтетін уақыт ресми арналарда алдын ала хабарланып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануы тиіс. Оған қоса, кездесу мен жеке қабылдау барысында мемлекеттік органдарға ресми коммуникация арналары арқылы жүгінудің маңызы түсіндірілуі тиіс.
Егер кездесу белгіленіп қойып, бірақ министрдің денсаулық жағдайы нашарласа, шетелге іссапармен кетсе, ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымын қоса атқарса, онда халықпен оның орынбасары кездесе алады.
«Жарлық жобасын қабылдау қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыруға, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықтың хабардарлығын арттыруға, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін күшейтуге, халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тартуға бағытталған», – делінген түсіндірме жазбада.
Айта кетейік, 2022 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен министрлер Қазақстан азаматтарымен тұрақты түрде кездесу өткізуі міндеттелген.