Алтын тағы қымбаттады: әлемдегі геосаяси жағдай бағалы металл құнын шарықтатып жіберді

Жарияланды
Алтын
Фото: shutterstock

Алтын құны 10%-ға өсіп, бір троя унциясы үшін 2 мың долларға жақындады. Бұл соңғы 5 айдағы ең жоғары көрсеткіш.

Геосаяси жағдайдың салдарынан пайда болған нарықтағы белгісіздіктен қауіптенген инвесторлар жаппай алтын ала бастады.
FT атап көрсеткендей, бұған дейінгі жылдарда АҚШ қазынашылық облигациялары бойынша жоғары кірістілік кезеңінде алтын арзандаса, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Бұл 2022 жылы әлем бойынша Орталық банктердің рекордтық деңгейде металл сатып алуына байланысты болуы мүмкін. Себебі көптеген елдер АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы аясында долларсыздану саясатын жүзеге асыруға тырысқан.

«Облигациялар нарығын қайта бағалаудың көз ілеспес жылдамдығы инвесторларды алтын алуға итермелеп отыр», – деп санайды Sprott Inc-тің басқарушы серіктесі Райан МакИнтайр.

Қытайдағы жоғары сұраныс алтын бағасының күрт қымбаттауына дем беріп жатқан секілді. Өйткені Шанхай саудасындағы алтын бағасы Лондондағы алтын саудасының бағасынан әлдеқайда жоғары болып тұр.

Сарапшылар бұл жағдайдың қанша уақытқа созылатынын тап басып айта алмай отыр. Ал әйгілі америкалық инвестор Роберт Кийосаки өзінің әлеуметтік желісіндегі аккаунтында алтын бағасы 3,7 мың долларға дейін өсетіні туралы болжамын жариялады.

Еліміздегі жағдайға оралатын болсақ, соңғы 6 жылда екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері салмағы 4,9 тонна болатын 140 864 алтын құйма сатты. Ал өткен айда 2 609 алтын құйма өтті.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қыркүйекте сатылған алтын құймалардың жалпы салмағы 133,2 келіні құрады.

Қаржы реттеушісі осыдан 6 жыл бұрын халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Содан бері жалпы салмағы 4,9 тонна болатын 140 864 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар 5 түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында 10 грамдық алтын құйма жоғары сұранысқа ие.

Күні бүгінге дейін 10 грамдық алтын құйманың 36 386 данасы өз иесін тапты. Сатылған алтын құймалар арасында 10 грамдық алтынның үлесі 26%-ға жетті.

Ұлттық банктің дерегінше, 5 грамдық алтын құйманың – 31 766, 100 грамдық алтын құйманың – 30 458, 20 грамдық алтын құйманың – 25 365, 50 грамдық алтын құйманың – 16 889 данасы өтті.

Қыркүйекте алматылықтар – 1 495 дана, (57%), шымкенттіктер 608 дана (23%), астаналықтар 170 дана (7%) алтын сатып алды.

«Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады», – деп жазды қаржы реттеушісінің ресми ресурсы.

Әлем елдері долларсыздану үдерісін жеделту мақсатында өздерінің ұлттық резервін алтынмен диверсификациялайды. Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, бағалы металдың дәл осы түріне деген сұраныс соңғы 55 жылда болмаған көрсеткішке жетті.

Өткен айда Түркия 31 тонна алтын сатып алып, әлем бойынша көш бастады. Өзбекстан 26 тонна алтынды сандығына салып, екінші орынға табан тіреді.
Атап өту керек, Қазақстан азаматтары да алтынды жақсы көреді. Алтын тағып, жарқырап, жайнап жүргенді ұнатады. Алайда олардың дені жалған алтынмен апталып жүргендерін білмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда жалған алтын бұйымдарға сынаманы қолдан қоятын қылмыстық топтар бар.

Заң талабы бойынша ломбардтар мен бағалы метал өнімдерін сататын кәсіпкерлер Қаржылық мониторинг агенттігіне алтын өнімдерінің саудасына қатысты ақпараттың ФМ-1 формасын тапсырып отыруы керек. Өкінішке қарай, бұл талап көп жағдайда орындалмайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі елімізде алтынның заңсыз айналымы бар екенін алға тартады.

«Нарықтағы заңсыз өнімдердің үлесі 90%-ға дейін жетеді. Қазақстанда жалған таңбалар басатын астыртын цехтардың жұмыс істеуі жағдайды ушықтырып тұр», – деп түсіндіреді агенттік.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда алтын өндірісімен заңсыз айналысатын
топтар мен жекелеген тұлғалар бар. Олар ішкі нарықты сапасыз немесе жалған алтынмен толтыруға үлес қосып келеді.

«Кен орындарында алтын ұрлаумен айналысатын қылмыстық синдикаттар әрекет етеді. Олардың жалған өнімдері нарықта заңсыз айналады», – деп нақтылады Қаржылық мониторинг агенттігі.

1 тамыз күні Алтын бағасы өсіп, наурыз айынан бері ең жоғары көрсеткішке жеткенін жазған едік. Қазақстанның алтын қоры 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында біршама кеміген.

Сондай-ақ оқыңыз