KEGOC оңтүстік өңірлердегі желілерді күшейту үшін қарыз алады: міндеттемелерді төлеуге компания мүмкіндігі жете ме?

Жарияланды
KEGOC компаниясының қанша қарызы бар? / shutterstock

KEGOC компаниясының валютамен алған берешегі 16 млн доллар, ал теңгемен 157 млрд қарызы бар. Бұл туралы компанияның Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева мәлім етті.

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, SPO-ның негізгі мақсаты – KEGOC-тың Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағының желілерін күшейту бағытындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қаражат тарту. Жоба шеңберінде 500 кВ 3 электр қосалқы станциясын сәйкесінше кеңейте отырып, ұзындығы 475 км 500 кВ «Шу-Жамбыл-Шымкент» 2 желі салынатын болады.

Сонымен қатар, Азия даму банкінен және Қазақстанның даму банкінен қарыз қаражаты тартылатын болады.

«Бұл жобаны қаржыландыру үшін Азия даму банкінен несие алатын боламыз. Ал, бұл займды арзандату мақсатында консорциум Қазақстанның даму банкінен қаражат тартуды көздеп отыр. Осылайша, бұл жобаны қаржыландыру мәселесі қазір толық шешілген», деді Айгүл Әкімбаева.

Ал, осы несиені алғаннан кейін компанияның міндеттемелері бұрынғысына да ұлғайып кетпей ме, оны төлеуге компанияның мүмкіндігі жете ме, деген сауалға Айгүл Әкімбаева рейтингтік агенттіктердің KEGOC компанияға қойған бағасы жоғары деп жауап берді.

«Қаржы коэфиценттері бар қойылатын. Мысалы, Долг/EBITDA деген коэфициент бар. Ол 3-3,5 болса, дұрыс болып саналады. Біздің сол коэфициентіміз – 1,6, өте төмен. Неғұрлым төмен болса, соғұрлым жақсы. Қазір жаңа проектілерге ақша алғаннан кейін біздің сол коэфициентіміз 2,5 маңайында болады. Сол үшін біз барлық коэфициенттерімізді орындаймыз», деді KEGOC өкілі.

Оның айтуынша, KEGOC компаниясын жергілікті электр жарығын тарататын компаниялармен шатастырып жатады, сондықтан да құрал-жабдықтары тозған деген жаңсақ пікір тарап жатады. Алайда, электр желісі генерациядан, содан кейін оны тасымалдау (KEGOC сол жұмыспен айналысады) және оны жергілікті жерлерге таратудан тұрады.

«Ал, KEGOC компаниясы жабдықтарының тозуы – 54% құрайды. Алайда, бұл біздің жабдықтарымыздың жартысы тозды деген сөз емес. Жалпы, электр желілерінің қолдану мерзімі 70 -90 жылға дейін. Сондықтан, біздің желілерді тозды деп айтуға әлі ерте. Олардың жағдайы өте жақсы. Қазір біз батыс облыстарда жөндеу-жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал, алдағы жылы оңтүстіктегі жобаларды қолға аламыз. Содан кейін барып, орталық өңірлердегі желілерді жөндеуді бастаймыз», деді Айгүл Әкімбаева..

Айта кетейік, KEGOC SPO шеңберінде 15 294 118 жай акцияны орналастырады, бұл ретте
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі компания акцияларының жалпы санының
кемінде 85%-ын құрайды. Бір жай акцияның бағасы 1482 теңге. Жетекші
брокерлік-дилерлік ұйымдарының KEGOC акциясына беріп отырған бағасы осы
мәннен жоғары және 1950 теңгеге дейін жетеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, 2014 жылғы IPO-ға шыққан кезде компания акциялары 500 теңгеден сатылған Қазір, 1500 теңгенің айналасында, яғни 9 жыл ішінде акциялардың бағасы үш еседен астам өсті. Осы уақыт аралығында акционерлерге жалпы сомасы 218 млрд теңге дивиденд төленді.

«Акциялар құнының өсуін және төленген дивидендтерді ескере отырып, акционерлердің жиынтық кірісі 400% -ды құрады. Компания жыл сайын таза пайданың тұрақты өсуін болжайды, оның кем дегенде 60% – ы жылына екі рет дивидендтер төлеуге жұмсалады», – деді KEGOC Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева.

Айта кетейік,

16 қазанда KEGOC SPO-ның екінші кезеңі басталды. Елдің жетекші энергетикалық компаниясы акцияларын қайталама орналастыруға қатысу үшін инвесторлардан өтінім қабылдауды бастады. Ол 2 қарашаға дейін жалғасады. Брокерлер өтінімді, банктер мен Tabys қосымшалары, сондай-ақ «Қазпошта»АҚ бөлімшелері арқылы беруге болады.

Еске сала кетейік, Тикер (активтің қысқаша атауы) KEGC3 жазылым арқылы 15 294 118 қарапайым акциясы саудаланатынын бұрын да жазғанбыз.

Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған. 

Компанияның алты ай аралығындағы есебі жарық көрді. 2023 жылғы 30 маусымдағы және 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлік капиталы шығарылған 260.000.000 акцияны құрады, оның ішінде жалпы сомасы 126.799.554 мың теңгеге орналастырылған және толық төленген 259.998.610 акция. 

Сондай-ақ оқыңыз