Димаш Құдайберген – Қазақстанның халық әртісі: Президент Республика күні қарсаңында түрлі сала мамандарын марапаттады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азамттарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Президент Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматтарға «Еңбек ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Отан», «Барыс», «Парасат», «Ел бірлігі», «Құрмет», «Еңбек даңқы», «Айбын» ордендері және «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медальдары және тағы да басқа мемлекеттік наградалар табысталды.

Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметтегі аса үздік еңбегі үшін мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ізмұхамбетовке, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Семей қаласы «№ 7 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейінің мұғалімі А.Шүкежановаға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қызылорда облысы «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры И.Шағыртаевқа берілді.

«Отан» орденімен суретші А.Ақанаев, белгілі ақын, айтыс өнерінің дамуына ерекше еңбек сіңген қайраткер Жүрсін Ерманов марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» ордені еңбек ардагерлері М.Айымбетова мен С.Тиесовке, Қонаев қаласы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектеп мұғалімі Н.Лиге, телевизия ардагері Л.Сейітовке, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені қоғам және мемлекет қайраткері Ә.Бектаевқа, «KAZGOR» жобалау академиясының бірінші вице-президенті Т.Ералиевке, еңбек ардагері О.Рахманбердиевке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Айнабековке, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі С.Аяғановқа, еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуковке, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішевке, қоғам қайраткері Ә.Жолшыбековке және еңбек ардагері С.Қырымқұловқа табысталды.

Белгілі ғалымдарға, мәдениет және білім қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне «Парасат» ордені берілсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені тағайындалды.

Сондай-ақ «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КеАҚ дәрігері С.Андосова, «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ профессоры А.Плешаков, «Шыңға өрлеу» ҚҚ директоры Р.Сыпабекова, «Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубы» КММ аға бапкері Н.Құлышов және басқа да азаматтар «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет салаларының 31 көрнекті өкіліне және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Ақмола облысы «№4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ү.Еңсебаеваға берілді. Ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы 143 адамға тапсырылды.

Сонымен бірге, биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды. Солайша белгілі жазушылар Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. Ал «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді.

Сондай-ақ оқыңыз