Президент ескертуі: радикализмге, экстремизмге, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге жол берілмейді

Жарияланды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде радикализмге, экстремизмге, құқықтық нигилизм және тұрмыстық вандализмге жол берілмейтінін мәлімдеді. Бұл жайлы мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты рәсімде айтты.

«Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді», деді ол.

Ол сонымен бірге заңға қайшы келетін кез-келген әрекет мемлекет пен қоғамға қарсы шығу деп бағаланатынын айтып, әсіресе, халыққа сөз өтімді азаматтардың осы мәселені ескеруге шақырды.

«Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қояды. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұны бәрін, әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек», деді.

Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан Тоқаев, халықты бірлікке, татулыққа шақырды.

«Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны санаға мықтап сіңірген жөн», деді ол.

Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгерткенін атап өткен президент, ескі тәсілмен басқаруға қайта оралуға халық жол бермейтінін айтты.

«Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді. Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін. Біз сөзбен де, іспен де қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жалпыұлттық бірлікті нығайта беруге тиіспіз. Халқымыз азат ел болып, мықты әрі әділетті мемлекет құру туралы арманын береке-бірлігінің арқасында ғасырлар тезінен аман алып шығып, ақиқатқа айналдырды», деді.

Содан кейін мемлекет жастардың жақсы нәрсені дәріптеуге, жастар орнатқан құндылықтарды қоғам жақсы әрі тез қабылдайтынын айтты.

«Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз», деді президент.

Ол сондай-ақ Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіру қажеттігін айтты.

Республика күні қарсаңында Президенттің бұл ескертуі бекер болмаса керек. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік желіде 25 қазан күні митингке шығуға үгіттейтін үндеулер тарап жатыр. Осыған орай, ІІМ Қазақстанда Республика күні қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін мәлімдеді.

«Әрине, біз Республика күні мерекесіне дайындалып жатырмыз. Бізде сол күні қызмет күшейтілетін болады. Қазіргі таңда әкімдіктерден қай жерде, қандай іс-шаралар өткізілетіні туралы ақпарат жаинап жатырмыз. Ал үндеулерге келер болсақ, ҚДТ мүшелері үндеу жасап жатыр. Естеріңізге сала кетейін, бұл экстремистік ұйым. Оның ел аумағындағы іс-әрекеттері заңсыз. Біз оларға митинг өткізуге рұқсат бере алмаймыз» деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Министрлік өкілі егер азаматтар өшпенділік тудыратын немесе қоғамдық тәртіпті, конституциялық құрылысты бұзуға үндейтін болса, тәртіп сақшылары ондай әрекеттердің жолын кесетінін, рұқсат етілмеген жиындар өткізілетін болса, оған өз тарапынан шара қолданатынын ескерткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз