Жаңалықтар

ЖОО-ларда су саласына қатысты жаңа мамандықтар пайда болып, ол бойынша студенттер шетелде оқытылады

Фото: kursiv.media

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының қолданыстағы тізіліміне түзетулер енгізіп, бірқатар жаңа мамандықтарды қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұл мамандақтар бойынша студенттер шетелден біліктілігін арттыра алады. Бұл жайлы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

«Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін министрлік су ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде қажетті шаралар қабылдауға ниетті. Су шаруашылығы мамандарының жалақысын арттыру мәселесі жеке қаралатын болады.
Сонымен қатар, біз басқа елдердің тиімді тәжірибесін қабылдайтын боламыз. Ол үшін халықаралық байланыс бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Атап айтқанда, бұл сала «Гидротехникалық құрылыс және нысандар», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Елдімекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Гидротехникалық мелиорация», «Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану», «Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар», «Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру», «Су шаруашылығы экономикасы» сынды жаңа мамандықтармен толықтырылмақ.

Дәл осы мамандықтар магистратура және докторантура бағдарламаларына да қосылуы мүмкін. Ал, бейінді жоғары оқу орындарының студенттері гидротехникалық құрылыстардың барлық түрі бар министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында өндірістік практикадан өте алады.

Сондай-ақ, министрлік қазақстандық студенттерді су саласы мамандықтары бойынша жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында оқыту үшін грант бөлу мәселесін қарастырып отыр. Бұдан бөлек, елімізде су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастырылады. Ал халықаралық серіктестермен бірлесіп жоғары оқу орындарында жаңадан «Су дипломатиясы» мамандығын енгізу жоспарлануда.