4,1 млрд теңге: Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары мемлекетке осындай мөлшерде залал келтірген

Жарияланды
тэц
Фото: tets.kz; shutterstock

Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылығы қазандықтарды күрделі жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырған. Бұл жайлы Қаржылық мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алаяқтық фактісі бойынша Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшыларына қатысты істі ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеп жатыр. Олар алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, аса ірі көлемде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінді», делінген хабарламада.

Тергеу барысында ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың жүйелі түрде ұрланып отырғаны анықталған. Яғни 2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарт жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынып отырған.

«Тергеу барысында қабылданған шаралар мен ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкімет жанындағы экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беру арқылы келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті, оның құны шамамен 5,5 млрд теңгені құрайды», деп хабарлайды агенттік.

Еске сала кетсек, Риддер ЖЭО-ның 5,5 млрд теңге қарызын оның жаңа иесі, Алматы мәслихатының депутаты – Әміржан Нәбиев жабуға келіскені туралы жазғанбыз. Ал ЖЭО жөндеу жұмыстарына Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Риддердегі жылу электр станциясын жөндеу үшін Қаржы министрлігімен және облыстық әкімдікпен бірлесіп Үкімет резервінен қаражат бөлу тетігін пысықталып, 8.3 млрд теңге бөлінді және оны жөндеу үшін 8 мердігер ұйым тартылды.  

Ал 12 қыркүйекте Үкімет басшысы жеке меншік қолындағы ЖЭО-ларда міндеттемелер орындалмаса станциялар мемлекетке қайтарылуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Премьер министр 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда, станцияларды мемлекет меншігіне қайтарылады.

Ал 11 қазанда Риддер ЖЭО-сы коммуналдық меншікке өтетіні белгілі болды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізіп, онда Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасқан жағдай қарастырылып, осындай шешімге келген.

Сондай-ақ оқыңыз