Жаңалықтар

«Медеу-Шымбұлақ» жолында тас құлауына байланысты қозғалыс шектелді

Шымбұлақ жолында қозғалыс шектелді / t.me/AlmatyJoly

25 қазаннан бастап «Медеу-Шымбұлақ» жолындағы тас құлауына байланысты бұл бағытта автокөлік пен жаяу жүргінші қозғалысы шектелді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, аталған жолға тастардың құлауына байланысты, оның салдарын жою жұмыстары басталды.

«Жұмыс жүргізу кезінде автокөліктердің қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы шектелді. Жоба шеңберінде аумақтарды тас құлауынан және көшкіннен инженерлік қорғау, жартасты және жол беткейлерін нығайту, беткейлерден топырақ пен тастарды түсіру және жинақтаушы тосқауылдарды тазарту жұмыстары жоспарланған. Жоюға шамамен 11 бірлік техника мен 50 адам тартылатын болады» делінген хабарламада.

Қарапайым келушілермен қатар, Шымбұлақ тау шаңғысы курорты мен кәсіпорындарының қызметкерлері үшін өткізу режимінің кестесі жасалады. Қозғалыс туралы ақпаратпен әр ұйымның басшылығы хабардар етіледі.

«Жобаны іске асыру екі кезеңге есептелген. Негізгі жұмыстар келесі жылға жоспарланған» делінген ақпаратта.