Сарапшы: Каспий құбыр консорциумына балама жол іздеу, танкер сатып алу – оның бәрі ертегі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан мұнай жеткізуді әртараптаныруды зерттеп, әрі Каспий құбыр консорциумына балама жол іздеп, мұнай танкерлерін алып жатыр. Қыркүйекте 8 мың тоннаны құрайтын екі танкер сатып алғанымыз, тағы екі кеме сатып алу жоспарда бары белгілі болды. Бұдан нәтиже бола ма? Бұл туралы Kursiv.kz тілшісі экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтан сұрады.

  • Каспий құбыр консорциумына балама жол таңдау, мұнай танкерлерін сатып алудан қандай да бір нәтиже бола ма? Сарапшылар мұны «теңізге тамған тамшыдай» деп бағалауда.
  • Оның бәрі ертегі. Егер адамзат мың жыл өмір сүріп, мың жыл мұнайға сұраныс болатын болса да Каспий құбыр консорциумына балама жол болмайды. Әлемдегі ең ірі тұтынушы төрт мемлекет деп алатын болсақ, соның ішіндегі ең тұрақты және сенімді нарық ол Еуропа. Кез келген мұнай өндіруші мемлекет мұнайын Еуропаға сатқысы келеді. Өйткені біз тек қана мұнай сатпаймыз, мұнай сату арқылы олармен экономикалық қарым-қатынасымызды нығайтып, ол арқылы инвестиция, жаңа технология алып келеміз. Білім де Еуропадан тарап жатыр. Біз қалай айтқанда да Еуропамен байланысымызды үзгіміз келмейді. Сол үшін Ресей, оның ішінде КҚК арқылы баратын мұнайды біріншіден жеткізу, тасымалдау арзан. Екіншіден, уақыт жағынан да қысқа мерзімде жеткізуге болады. Мұнайды тасымалдауға кеткен жолдағы әр күн қосымша шығын. КҚК арқылы біз мұнайымызды жеткізген кезде бір барреліне ең көп дегенде 6-7 доллар төлейміз. Ал мақтанып айтып жүрген «Баку – Джейхан – Тбилиси» маршруты, яғни Түркия мен Қара теңіз арқылы онда оның бағасы 48 доллар болады. Екеуінің айырмашылығы бар ма?
  • 7 доллармен есептегенде 41 доллар айырмашылық бар…
  • Біз Ресей арқылы шикізат тасымалдаған кезде бір ғана мемлекетпен келіссек, ал жаңағы маршрут бойынша Әзербайжанмен, Грузиямен және Түркиямен тіл табысуымыз керек. Бес-алты мемлекет қосылып кетеді. Сонымен қатар, маршрут өте ұзақ. Бұл өзімізді алдау.
  • Каспий құбыр консорциумы былтыр мазамызды әбден қашырды. Биылғы жұмысына қандай баға бересіз?
  • Құбыр жұмыс істеп жатыр, бірақ қауіп көп. Былтыр 5-6 рет тоқтатып тастады. Биыл Ресей экономикасы құлдыраған сайын оларға да осы КҚК-ның жұмыс істеуі тиімді. Себебі біз аталған құбыр арқылы мұнайды тегін тасымалдап отырған жоқпыз. Әр тиын оларға да қымбат. Өйткені Ресейде бюджет тапшылығы 30%-ға жетті.
  • Әйтсе де қауіп сақтала ма?
  • Бірақ қауіп бар. Өйткені Еуропаға ашуланып, болмаса біздің Президенттің мәлімдемелеріне де ашуланып қалуы мүмкін. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда «санкцияны қолдаймыз, санкцияда бекітілген Ресейге еш тауар жібермейміз» деп айтты. Ол да шамдарына тиіп қалуы, қырсығып КҚК-мен қорқытуы мүмкін. Бірақ қатты кете қоймайтын шығар. Ол үлкен саяси мәлімдеме және ол Ресейге ұнамайтын мәлімдеме. Кез келген ұрыстың арты бейбітшілік, түбінде адамдар тіл табысады. Сондықтан болашақта Еуропамен байланыстарын нығайту үшін КҚК тек Қазақстанға емес, Ресейдің өзіне де дипломатиялық, экономикалық құрал ретінде өте қажет инфрақұрылым.
  • Соғыстың акваториясы Қара теңізге қарай ойысты. Бұдан қауіп жоқ па?
  • Соғыстың басталғанына 2 жылдай болып қалды ғой. Сол 2 жылдың ішінде Украина арқылы өтіп жатқан газ құбыры, болмаса Украина, Беларусь арқылы өтіп жатқан, Болгарияға баратын біздің «Достық» құбырына, болмаса КҚК-ға «шыбын қонды» ма? Қандай соғыс болса да ішінде «жігіттік келісімдер» болады ғой. Сол сияқты мұнай құбырын атқылап тастағаннан пайда бар ма? Ертең ол өзіне де, дүниежүзілік экономикаға да зиян. Еуропа аш қалғаннан, болмаса мұнайсыз қалғаннан не ұтамыз? Еуропа экономикасы «көш басы» болғандықтан оларды әлсірету арқылы, біз өзімізді әлсірететінімізді білмейтін болсақ,  қаншалықты ақылды адам боламыз?
  • Демек бұл дүниежүзілік келісім және оны ешбір мемлекет бұзбайды деген сөз ғой…
  • Бізде ауданаралық, республикалық тас жолдар деген түсінік бар. Тура солай дүниежүзілік экономика пайдаланатын коммуникациялар, тауарлар бар. Ол бір адам, бір мемлекетке тиесілі емес. Сондықтан дүниежүзі пайдаланатын затқа ешкім қиянат әкелмейді. Мысалы, адамзат тарихында мұндай келісімдер талай рет болған. Екінші дүниежүзілік соғыста Швецарияны ешкім атқылаған жоқ қой. Себебі бәрі сол жерде ақшаларын сақтады. Әлемдегі кепілдігі мықты, уәдесіне берік банктер Швецарияда орналасқан. Барлық елдер байлықтарын сол жерде сақтағаннан кейін ешкім оларға оқ атқан жоқ. Сондықтан осындай келісімшарттар болады. Оны бұзған мемлекет, әрине, өте ауыр зардап шегеді.Сондықтан адасып кеп тиетін снарядтар болмаса, әдейілеп қастандық жасалмайды, соғыстың зардабы КҚК-ға тие қоймайтын шығар.
Сондай-ақ оқыңыз