Қазақ-Қытай байланысы: 16,54 млрд доллар Қазақстан экономикасына қандай игілік алып келеді?
Фото: kursiv.media
Былтыр басталған геосаяси шиеленістен кейін Қазақстан үшін логистикалық бағыттарды оңтайландыру және балама жолдар табу өзекті мәселеге айналды. Бұл орайда Президент еліміз үшін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ерекше маңызды екенін айтып, ескі де жаңа жобаға (Транскаспий жобасы бұдан бірнеше жыл бұрын басталып, бірақ аяқсыз қалған еді) қайта көңіл бөлді. Тиісінше, жобаны жан-жақты дамыту бойынша бірнеше іскерлік нұсқа қарастырылды. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары кезінде тап осы Транскаспий маршруты төңірегіндегі нәтижелі келісімдерге қол жеткізіп қайтты. Әрине, бұдан басқа да біз үшін пайдалы бірнеше экономикалық және инфрақұрылымдық мәміле бар (жалпы сомасы 16,54 млрд доллар болатын 30 коммерциялық құжат).
Екі ел үкіметтері Транскаспий халықаралық көлік дәлізін, соның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар қозғалысын бірлесе дамытпақ. Аталған келісім аясында:
- Тараптар мемлекеттер аумағындағы көлік инфрақұрылымы объектілерінің тиісті пайдалану жай-күйін қамтамасыз етеді;
- Магистральдік құбырлар мен порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттырады;
- ТХКБ тұрақты және кедергісіз жұмыс істеуін қолдау үшін қолайлы даму ортасын бірлесіп қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асырады;
- Халықаралық өткізу пункттерінде жүк автокөлік құралдары мен теміржол құрамдарының тоқтап қалуына жол бермеу үшін тараптарды алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі;
- Жылжымалы құрамды қадағалау бойынша бір-біріне деректер алмасуға жәрдемдеседі.
Сонымен қатар «Аягөз-Тачэн» темір жолы өткелі салынбақ.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы құрлықтық көлік инфрақұрылымының өзара байланысының деңгейін арттыру мақсатында тараптар Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші трансшекаралық темір жол мен өткізу пунктін ашу мүмкіндігін зерделеуге қызығушылық білдіреді. Осыған байланысты, тараптар «Бақты – Покиту» өткізу пунктінде Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық теміржол жолдары құрылысының орындылығын алдын ала зерделеу үшін осы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға дайын», делінген Көлік министрлігінің мәлімдемесінде.
Үкіметтің есептеуінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші темір жол өткелінің салынуы елдер арасындағы жүк ағынын екі есе ұлғайтады. Қазір екі ел арасында екі темір жол өткелі бар – «Достық» және «Алтынкөл». Ол екеуі қосылып жылына 28 млн тонна жүк тасымалдай алады. Ал жаңа өткелдің іске қосылуымен бұл көрсеткішті жылына 50 млн тоннаға дейін жеткізуге болады. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы тауар айналымын көбейтуге ғана емес, Транскаспий дәлізі аясында Қытайдан Еуропаға транзиттік жүк ағынын арттыруға да көмектеспек.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық деңгейдегі транспорттық-логистикалық буынға айналуы үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын.
«Қазір Қытайдан Еуропаға бағытталатын құрлықтағы транзиттік тасымалының 85 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Транзиттік-транспорттық саланың дамуына ерекше мән бере отырып біз соңғы 15 жылда осы мақсатқа 35 млрд доллардан астам қаражат жұмсадық. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға бағытталған темір жол дәлізі секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Алдағы үш жылда жаңа 1300 шақырым темір жол салуды жоспарлап отырмыз. Үшінші темір жол өткелінен бөлек, «Бақты» жаңа құрғақ портының құрылысы басталады», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Қытай арасындағы транспорттық байланысқа бұған дейін де елеулі инвестиция салынып келді. 2013-2020 жылдар аралығында «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы аясында Қытай Қазақстан экономикасына 18,5 млрд доллар құйды. Соның 3,8 млрд доллары транспорт саласына тиесілі.
2022 жылы Транскаспий дәлізінде темір жол арқылы жасалған транзиттік жүк тасымалының көлемі 1,1 млн тоннаға ұлғайып, 9,4 млн тоннаға жетті. Сонымен бірге, Қытайдан Қазақстанға автотранспортпен жөнелтілетін жүк тасымалының көлемі екі есе артып, 980,6 мың тоннаны құрады.
Сарапшылардың айтуынша, 16,54 млрд доллар болған жалпы келісім сомасының 10 млрд долларға жуығы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі екен. Біздің ұлттық компаниямыз бен China Petroleum & Chemical Corporation (Sinopec) арасында полиэтилен өндіру жобасындағы үлесті сатып алу-сату туралы келісімге қол қойылған болатын. Президент бұл жобаны Sinopec-пен орнықты ынтымақтастық орнатудың жарқын үлгісі деп атады.
Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд доллар. Ал келешек зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны құрамақ. Зауыт Теңіз кен орнына таяу маңдағы Қаратабан арнайы экономикалық аймағы территориясында салынбақ. Полиэтилен жобасы бойынша Chevron Phillips Chemical, Univation Technologies, Axens сияқты компаниялармен лицензиялық келісімдер жасалды, бұл ішкі нарыққа және экспортқа шығарылатын өнімнің кең ауқымын шығаруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшыларының қатысуымен қол қойылған 6 келісімнің жартысы ұлттық мұнай-газ компаниясының үлесіне тигенін атап өтуге болады. Бұл оның Қазақстан-Қытай қатынастарын дамытудағы стратегиялық рөлін және ҚХР тарапынан Қазақстан үшін маңызды жобаларға инвестициялар тартудың маңыздылығын көрсетеді», дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.
- Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-тамызда 19,0 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6 пайызға жоғары (15,5 млрд).
- Айта кетерлік жайт, осы жылы ҚХР-дың жалпы тауар айналымындағы үлесі 21 пайыз болды.
- Қазақстаннан Қытайға баратын экспорт 2023 жылғы қаңтар-тамызда 2,1 пайызға өсіп, 9,0 млрд долларға жетті.
Экспорттың өсуі мыс кендері мен концентраттар (24,7 пайызға, яғни 1,7 млрд долларға дейін), уран (56,9 пайызға, 553,1 млн долларға дейін), бидай (20,9 есе, яғни 110,2 миллион долларға дейін), арпа (4,1 есе, яғни 102,4 миллион долларға дейін), өңделмеген мырыш (2,7 есе, яғни 116,7 млн долларға дейін), газ (9,4 пайызға, 735,2 млн долларға дейін) сияқты тауарларды жеткізудің ұлғаюымен негізделеді.
2023 жылғы қаңтар-тамызда Қытайдан Қазақстанға импорт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49,5 пайызға өсіп, 10,0 млрд долларды құрады. Ал импорттың өсуі жеңіл автомобильдер (8,3 есе, яғни 549,9 млн долларға дейін), аяқ киімнің бөліктері (17,2 есе, яғни 191,0 миллион долларға дейін), автомобильдерге арналған шанақ (4,6 есе, яғни 218,7 млн долларға дейін), телефон аппараттары (14,2 пайызға, яғни 651,4 млн долларға дейін) сияқты тауарларды әкелудің ұлғаюымен байланысты.
2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Қытайдан 748,3 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция жасалды және 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,6 пайызға артық (573,2 млн долл). Бұл 2019 жылдан бері ҚХР-дан тартылған ТШИ ағынының ең жоғары көрсеткіші (2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ТШИ көлемі 789 млн доллар болған).