Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Өз құттықтауында Президент 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясының маңызына тоқталды.
«Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл аталған басты қағидаттар Қазақстан Конституциясында, заңдары мен Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілгенінен атап көрсетті.
«Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының «тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады» деп жалғастырды құттықтауын.
«Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», деп аяқтады құттықтауын Президент.
2022 жылы 16 маусым күні Ұлттық құрылтай кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанды Республика күні ретінде қайта тойлауды ұсынған еді. Ол үшін Қазақстан мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің тізіміне бірқатар өзгерістер енгізуі қажет.
«Ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде.