Фото: kursiv.media
Freedom Broker сарапшылары Kaspi.kz финтех тобының Лондон қор биржасында (LSE) саудаланатын жаһандық депозитарлық қолхатының (GDR) құнына болжам жасады. Freedom Broker шолуы бойынша, сарапшылар бағалы қағаз құны 31%-ға өседі деп есептейді.
Болжам «Kaspi.kz» АҚ-ның 2023 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша жарияланған қаржы есебі негізінде жасалған. Freedom Broker мамандары бұл құжатты қалыпты оң мәндегі есеп деп отыр. 9 ай қорытындысы бойынша компания кірісі 50 пайызға артып, 601 миллиард теңгеге жеткен. Тоқсандық өсім 40% құрап, шілде-қыркүйек айларындағы пайда 232 млрд теңгеге жеткен.
Негізгі көрсеткіштер бойынша өсім топтың өз болжамынан да асып түсті. Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, макроэкономикалық жағдайлар, әсіресе доллардың теңгеге шаққандағы бағамының өсуі бағалы қағаздардың доллардағы құнына қысым жасады. Нәтижесінде Kaspi.kz бір қолхатының мақсатты бағасы «сатып алу» ұсынысымен 121 доллар (қазір 92,5 доллар) болып белгіленді.
Сарапшылар Kaspi.kz бағалы қағаздарының бағасына әсер етуі мүмкін факторлар қатарында өсу болжамдарының орындалмауын, несие портфелі сапасының одан әрі төмендеуін, сондай-ақ, теңгенің долларға шаққандағы құнсыздануын атап өтеді.
LSE биржасында 25 қазандағы сауда сессиясы қорытындысы бойынша Kaspi.kz қолхатының құны бұрынғыдай $92,5 деңгейінде қалып, сейсенбіде өсім $0,1 немесе 0,1% құрады. Қазақстан қор биржасында (KASE) 26 қазанда финтех тобының акциялары 45 078,67 теңгеге саудаланды, бұл 24 қазандағы деңгейінен 118,32 теңге немесе 0,26%-ға төмен.