Сенатор мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаржыға креативті экономиканы дамытуды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: parlam.kz

Сенатор Нұртөре Жүсіп «Қазақстан халқына» қоры мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаржыны креативті экономикаға жұмсауды ұсынды. Креативті экономика аясында ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Сенатор депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

Депутаттың айтуынша, ұлттық құндылықтарды ілгерілету мақатында Сенатта соңғы екі жылда, 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырысы өткізіліп, 10 депутаттық сауал жолданған.

«Алайда, Үкімет Сенаттың ұсынымдарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, «Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау» жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды», – деді сенатор.

Сенатор Мемлекет басшысының халыққа жолдауында ұлттық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда креативті индустрияны дамытудың маңызығын ерекше атап өткені еске салды.

«Президент 2021 жылғы Халыққа жолдауында креативті индустрияды қолдау қорын құру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсыманың орындалуы қалай, нақты не істелді? Бүгінде креативті экономиканың әлемдік үлесі артып келе жатыр. Мәдени және шығармашылық индустрия жылына 2 тлрн астам АҚШ доллары алып келеді. Осы салаға оншақты жыл бұрын ғана мемлекеттік деңгейде мән берген Оңтүстік Кореяның креативті экспортының көлемі 12 млрд АҚШ долларға жетіп отыр. Үкімет халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кешенді жоспарды 2022 жылы бекітті, осы мәселені Сенат қабырғасында талқыладық. Сонда ЖІӨ-дегі креативті экономика үлеcі жалпы 5 пайызға жетеді, 80 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, 3 мыңға жуық ұйымның креативті әлеуеті артады деген уәде берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар орындалды ма?», – деп сұрады.

Осы ретте сенатор «Қазақстан халықына» қорының қаржыс мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қордың әлеуетін арттыруға жұмсап, ұлттық креативті экономиканы оның ішінде ұлттық құндылықтарды қолдауға бағыттау қажет деп тұжырымдайды.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойған болатын.  Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құрылды. 

Жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі бұл компания мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын болады. Бұл ретте ел Үкіметі Заңсыз иемденген активтерін өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдік беріледі деп уәде етіп отыр.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратура айналысады. Комиссияның уәкілетті органы – ҚР Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті құрылды.

Жақында Қаржы министрлігі түскен активтерді басқару тәртібін әзірледі. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.

Сондай-ақ оқыңыз