«Ұлттық қор – балаларға»: 7 млн адам қордың инвестициялық табысынан ақша ала алады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

2023 жылғы 1 қазандағы ресми дерек бойынша, елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 млн адамды құрайды. Бұл Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 7 млн адам ақша алады деген сөз.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылғанын мәлімдеді.

«Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді, – деді Д.Темірбеков.

Вице-министр тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етілетінін жариялады.

«Бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі», – деді ол.

Д.Темірбеков Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін «Ұлттық қор – балаларға» жобасына – «Қатысушы» болып есептелетінін, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушы» санатына көшетінін нақтылады.

«18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Сондай-ақ алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады», – деді вице-министр.

Д.Темірбеков бала 18 жасқа толғаннан кейін оған шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі.

«Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар», – деді Қаржы вице-министрі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады.

«Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды», – деді ол.

БЖЗҚ-ға келесі функциялар беріледі:

  • ақпараттық жүйеде қатысушылардың нысаналы талаптарын есепке алу;
  • нысаналы жинақтау шоттарына мақсатты жинақтарды тіркеу және есепке алу, жинақтарды төлеу;
  • дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде жеке тұлғалардың дербес деректерін жинау және өңдеу және т.б.
    Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының 6 Кодексі мен 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.
    Қолданыстағы заңнаманың 44 бабына 60-тан астам өзгерістер мен түзетулер енгізілді.
    Түзетулер келесі мәселелерді қамтиды:
  • мемлекеттік органдардың құзыреті,
  • тыйым салуды болдырмау,
  • өндіріп алуды болдырмау,
  • шығыс операцияларын уақытша тоқтатуға,
  • клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қоюға,
  • банкте орналастырылған ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол бермеу мәселелері.

Осы түзетулер арқылы 3 негізгі бағыт бойынша өзгеріс енгізілді:

  • құқықтық заңнамаға (ҚР Азаматтық кодексі, ҚР Қылмыстық-процестік кодексi, ҚР Азаматтық процестік кодексі, ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заң),
  • әлеуметтік заңнамаға (Әлеуметтік Кодекс, «Баланың құқықтары туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Білім туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңдар),
  • қаржы заңнамасына (Бюджет кодексі, «Банктер және банк қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңдар).

«Жобаны іске асыру барысындағы 2 маңызды ұғымға айрықша тоқталғым келеді. Олар: Нысаналы жинақтар – Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 18 жыл ішіндегі орташа инвестициялық табысының 50 пайызы есебінен жинақталған қаражат. Уәкілетті операторлар – жобада көзделген мақсаттарға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры аударатын төлемдерді пайдалану үшін банктік шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейлі банктер мен ұлттық пошта операторы», – деді Қаржы вице-министрі.

Д.Темірбеков жобаны жыл сайын іске асыру кезең-кезеңімен орындалатын айтты.

«Ең алдымен өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі. Аудит нәтижесі бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің мәні мен оның 50 пайызының мөлшері анықталады. Бұдан әрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықты жоғалтқан балалар санын нақтылайды. Деректер толық нақтыланғаннан соң Ұлттық банк кәмелет жасына жеткен балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатты балалардың мақсатқа сай пайдалануы үшін екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пошта операторында ашылған шотына жібереді», – деп түсіндірді вице-министр.

Ол Ұлттық қордан берілетін төлемдер салық салудан босатылатынын атап өтті.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Кейін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ақша аудару тәртібі түсіндірілді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленетіні белігілі болды. Біршама уақыттан соң Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлінетіні жарияланды.

Қыркүйек айында Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау заңын қабылдады. Сенат Мәжілістің шешімімен келіспей, құжатты кері қайтарды. / Мәжіліс Сенат енгізген 10 өзгерісті оң қабылдады.

18 жасқа толмай қайтыс болып кеткен балалардың жинағын кім алады деген сұраққа Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз