Жаңалықтар

Halyk Bank акционерлерінің қатарында Air Astana-ның өкілі бар компанияның 50% үлесін сатып алды

Halyk Bank Open Networks LTD компаниясының 50% үлесіне иелік етеді / shutterstock

Halyk Bank Қазақстан қор биржасына Open Networks LTD компаниясының 50% үлесін иеленетінін хабарлады. Бұл шешім 24 қазан күні қабылданғаны айтылған құжатта.

Бұған дейін, Kursiv.media Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Халық банкіне Open Networks LTD деген жеке компанияның капиталына «қатысуға» рұсат бергенін жазған еді.

Halyk Bank жария еткен құжатта мәміленің мән-жайы, үлеске иелік етудің нақты сомасы көрсетілмеген.

Ад, Open Networks LTD цифрлық экожүйелерді дамытумен айналысады. «Курсив» жеке компанияның уәкілетті тұлғаларының қатарында «Air Astana» АҚ ақпараттық технологиялар және электронды бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Чаминдра Ленава да бар екенін анықтаған еді.

«Агенттік басқармасының 2023 жылғы 22 маусымдағы «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамына Open Networks жеке компаниясының капиталына қомақты қатысуға рұқсат беру туралы № 55 қаулы қабылданды», – деп жазылған реттеуші мәлімдемесінде.

Halyk Bank баспасөз қызметі «Курсивке» берген жауабында бұл мәміленің Халық банкіне өзінің цифрлық инфрақұрылымын дамыту аясында қызметін кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Клиенттеріміз үшін толыққанды экожүйені құру аясында біз жаңа өнімдерді енгіземіз, ыңғайлы және жылдамырақ қызметтер мен цифрлық шешімдерді жасаймыз. Мәміле Halyk компаниясына онлайн билеттер нарығына қатысуын нығайтуға, тиісті қаржылық қызметтерді көрсетуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өз қызметтерін дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді. Open Networks Ltd компаниясының Halyk Travel арқылы билеттерді сатып алатын клиенттермен тиімді қарым-қатынас орнатудағы үлесі ерекше болмақ»,- деп түсіндірді банк. Баспасөз қызметі бұл мәміленің аяқталғаны туралы ақпаратты БАҚ-та жариялайтынын айтты.

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Open Networks Ltd жеке компаниясы цифрлық экожүйелерді дамытып келеді. 2023 жылдың қаңтар айының соңында Open Travel Networks ретінде тіркелген, ал 17 мамырда атауы Open Networks деп өзгертілген.

Компания қызметі – бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және веб-сайт жасау. Жарғылық капиталы 10 мың АҚШ долларын құрайды. Осы аттас компания – Open Networks 2018 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың желтоқсанына дейін Лондонда жұмыс істеген. Ол байланыс құралдарын жөндеумен айналысқан.

Қазақстанда құрылған компанияның акционері – Шри-Ланка азаматы Чаминдра Ленава. Ол 2011 жылдан бері «Эйр Астана» әуе компаниясының ақпараттық технологиялар және электронды бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті қызметін атқарып келеді. Ленава қанша пайызға иелік ететіні белгісіз. Бұл ақпаратты «Курсивке» авиакомпания растады. Ленава 2 ақпаннан 18 мамырға дейін Open Networks басқарушылардың тізімінде болды. Қазіргі уақытта ол қол қою құқығы бар уәкілетті тұлға болып қалған.

Қазіргі CEO – Нағима Өмірбаева. Бұл кісі «Үлкен төрттік» аудиторлық компаниялардың бірінде жұмыс істеген. Бұл туралы бизнес-инкубациялау және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған акселерат бағдарламаларын әзірлейтін Humancapital.kz сайтында жазылған. 2022 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Өмірбаева KMF микроқаржы ұйымының KMF MentorPro Finance жобасында тәлімгер болды. Оған қоса, HAPPY KINGDOM балалар дүкенінің қаржы директоры.

Өмірбаева Open Networks компаниясының бас директоры қызметіне сәуір айында келген. Ал ақпанның басынан Карина Алпысбаева деген кісі бас директор қызметін атқарған. Orda.kz сайтының хабарлауынша, Карина Апысбаева есімді адам PlanetCare Management компаниясының ресми негізін қалаушы және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның немере сіңлісі болып келеді.

Серіктестік басшыларының қатарында Азамат Оспанов та бар. Ол бұл қызметке наурыз айында келген. LinkedIn әлеуметтік желісі сайтында өзін авиация саласында мықты тәжірибесі бар тәжірибелі аға менеджер ретінде көрсеткен. 2012 жылдан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясында түрлі қызметтерді атқарды. Ондағы соңғы қызметі – қаржы жөніндегі вице-президент және бас есепші. Оспановтың ішкі бақылау, трансформация жобаларын басқару, ХҚЕС, аудит және бизнес-стратегия салаларында да біліктілігі бар. Крэнфилд менеджмент мектебін және Сүлейман Демирел университетін бітірген.

Халық банк актив көлемі бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр. 2022 жылдың аяғында ол 14,3 трлн теңгені құрады. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Халық Банкінің негізгі акционерлері – Құлыбаевтар отбасы ALMEX (69,52%) және The Bank of New York Mellon (28,52%) холдингі.