Жаңалықтар

АҚШ-та атыстан 22 қаза тапты: оқ атқан азамат іздестіріліп жатыр

Льюистон қаласының полициясы қаруланған азаматтың Роберт Кард екенін анықтады

АҚШ-тың Мэн штатындағы Льюистон қаласында атыс болып, салдарынан 22 адам қаза тапты. Бұл жайлы CNN хабарлады.

Бұған дейін атыс салдарынан 16 адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын, кейін қайтыс болғандар саны 22-ге жетті. Оқиға кезінде шамамен 50-60 адамның жарақат алғаны айтылады. Басымылымның хабарлауынша, автоматпен қаруланған адам Schemengees мейрамханасы мен Sparetime Recreation боулинг орталығында оқ атып, бейбіт тұрғындарды өлтірген.

Қазіргі таңда Льюистон қаласының полициясы атысқа жауапты азаматты іздестіріп жатыр. Осыған байланысты Льюистон қаласының мэрі Карл Шелин тұрғындарды қауіпсіздік қызметінің талаптарын орындап, үйден шықпауға шақырды.

«Өзіңіздің және айналаңыздағылардың қауіпсіздігіне басымдық беру маңызды», деді қала басшысы.

Сонымен бірге бұл іске Бостон қаласының ФБР қызметі қосылды. Өз кезегінде Ақ үйдің баспасөз қызметі АҚШ президенті Джо Байденнің жағдайды өз назарында ұстап отырғанын мәлімдеді. Қайығылы оқиғаға байланысты Байден Мэн штатының губернаторы Джанет Милспен сөйлесіп, федералдық көмек көрсетілетінін мәлімдеген.

Ал Льюистон қаласының полициясы қарулы азаматтың аты-жөнін анықтаған. Ол 1983 жылы дүниеге келген Роберт Кард деген азамат болып шықты. Полиция Кардтың қаруды пайдалану жөніндегі білікті нұсқаушы әрі АҚШ армиясы резервінің мүшесі екенін хабарлаған.