Газада қалып қойған қазақстандықтардың туыстары Тоқаевтан көмек сұрады
Газа секторын Израиль тарапы жүйелі түрде атқылап жатқандықтан, Палестинада қалып қойған Қазақстанның азаматтарын елге қайтару қиынға соғып жатыр. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров айтты.
«Бүгінгі таңда ол жерден шығатын жалғыз жол – Рафах. Қазіргі уақытта ол жабық және ол арқылы бейбіт тұрғындардың өтуіне рұқсат етілмейді. Осыған байланысты қазіргі уақытта Израиль тарапынан жүйелі түрде атқылауға ұшыраған бұл аймақта жұмыс істеу өте қиын. Біздің дипломатиялық өкілдіктер Газада жүрген азаматтарымызбен тұрақты байланыста. Біз Мысыр үкіметімен жұмыс істеп жатырмыз, осы аймақтағы басқа да шенеуніктермен біз азаматтарымыздың осы аумақтан шығарылуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді ол.
Омаров Қазақстан тарапы ғана емес, сонымен бірге 45 мемлекеттің өкілдері қазіргі таңда өз азаматтарын соғыс аймағынан шығарып алу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Бірақ ол азаматтарымыздың бұл елден аман шығуына қатысты шешіп, ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
«Қазіргі таңда қандай да бір болжамдар айтуға әлі ерте. Өйткені бұл жағдай тікелей бізге емес, бірде-бір елдің азаматтарын Газа секторынан шығаруға рұқсат бермей жатқан мемлекеттерге байланысты. Әзірге біздің қолымыздан келетіні гуманитарлық көмек көрсету. Өңірге гуманитарлық жүк тиелген көліктері өтіп жатыр. Бірақ әзірге бұл өңірден азаматтарды шығару бойынша нақты келісімге келе алмадық», деді министрлік өкілі.
Ол сонымен бірге ол қанша қазақстандық бар екенін де нақты атай алмайтынын жеткізді.
«Ақпарат үнемі жаңартылып отыр. Тізім жаңа адамдармен толығып жатыр. Сондықтан нақты саны туралы айту әлі ерте. Бекет ашылған бойда біз азаматтарды шығарып аламыз. Сонымен бірге олардың азаматтығын тексеріп, қаншасы өзіміздің азамат, қаншасы біздікі емес екенін анықтау қажет болады. Әзірге тек әйелдер мен балаларға ғана шығуға рұқсат етіледі деген ақпарат бар. Егер күйеуі Палестина азаматы болса, онда қиындықтар туындауы мүмкін», деді вице-министр.
Қазақстан тарапы азаматтарды шығарып алғанға дейін олардың аман қалу, қалмауы екіталай. Өйткені бүгінде бір қазақстандық азамат отбасымен қазақ тапқан. Бұл жайлы ұлттық баспасөз кулбында өткен жиында Палестинада қалып қойған Қазақстан азаматтарының туыстары айтты. Олардың айтуынша күнделікті Израиль бомбасы түсіп жатқан елде тірі қалу мүмкіндігі өте төмен, қазіргі таңда бала-шағаның үрейі қашып, берекесі кеткен. Олар тіпті гуманитарлық көмекті алу үшін көшеге шығуға қорқып отырғанын айтты.
«Газада талай жылдан бері тұрып келген Қазақстан азаматының үйіне бомба түсіп, отбасымен түгел үйінді астында қалып, қайтыс болды. Оның ешқандай ұйымға қатысы жоқ. Бейбіт тұрғын болатын. Бұл қырғында бейбіт тұрғындар ғана өліп жатыр, тірі қалғандары пана таппай жүр. Қазір біздің туыстарымыз өздерін еш жерде қауіпсіз сезіне алмайды. Су жоқ, жарық жоқ. Олармен байланысқа шығудың өзі қиын. Біз мұнда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрау үшін келдік. Ол білікті дипломат, беделі де биік. Бұл мәселені сол кісінің шеше алатынына сенеміз», дейді Эль-Сұлтан София.
Ал енді тағы бір азамат Қазақстанға шаруаларымен келіп, қайтатын кезде соғыс басталып, Газадағы 4 баласына жете алмай қалған. Қазақстанның СІМ өкілдері бекет ашылса, оның балаларының ішінен тек 18-ге толмағандарын ғана елге қабылдайтынын айтқан. Ол балаларын бөліп-жармай, барлығына мынадай қиын кезеңде елден пана беруін сұрады.
Еске сала кетсек, 7 қазанда ХАМАС тобы Израиль аумағына шабуыл жасап, нәтижесінде Израиль соғыс жариялады. Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
«Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз», – делінген хабарламада.
Израиль СІМ ХАМАС шабуылына байланысты бір қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен екі қазақстандық туралы хабарлады. ҚР Сыртқы Істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
АҚШ еврейлері Израильден соғысты тоқтатуды талап етіп, митингке шықты. 18 қазанда жүздеген еврей белсенділері Капитолийдегі Cannon House кеңсесінің ғимаратының алдына жиналды. Олар «Еврей халқы бейбітшілікке үндейді!», «Газа өмір сүрсін!» деген ұранмен келді. Олар Газадағы гуманитарлық жағдайдың тым қиындап кеткенін айтып, АҚШ Конгресінен соғысты тоқтату туралы резолюция қабылдауды талап етті. Cannon House ғимаратына басып кірген 300-ге жуық адамды АҚШ полициясын қамауға алды.