Integrity check: полиция қызметкерлерін парасаттылыққа тексеретін арнайы тәсіл енгізілуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Елімізде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіби парасаттылыққа тексеру институты енгізілуі мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Парасаттылыққа тексеру жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасына реттеушілік саясатының консультативтік құжатын әзірледі.

Integrity check тәсілі арқылы агенттік полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлық фактілерін тексеретін болады.

Агенттіктің мұндай тәсілді енгізуіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралар тиімділігінің төмен деңгейі және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті қызметіндегі парасаттылық практикаларының алдын ала анықтауға ықпал ететін қосымша құралдардың қажеттілігі себеп болған.

«Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты түйсінуді зерттеу құқық қорғау органдары халықтың пікірі бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа барынша шалдыққан мемлекеттік қызметтер» тізіміндегі дәстүрлі көшбасшылардың бірі. СЖРА Ұлттық статистика бюросының 2019-2023 жж. деректеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлықты түйсіну құқық қорғау органдарына сенімсіздігінің басты себебі болып қалып отыр. Халықаралық рейтингте Қазақстан құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейі бойынша 126 елдің ішінде 76-орында тұр. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық практикаларын анықтау мен тергеудің қолданыстағы тетіктері тиімді емес және тежеуші әсерге ие болу үшін жеткілікті болмай тұр», делінген құжатта.

Халықаралық тәжірибеде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және қудалау мақсатында, бірқатар елдер интегрити чек яғни, парасаттылыққа тексеру немесе тестілеу тетігін пайдаланады. Оның көмегімен шенеуніктер ескертусіз әдейі имитацияланған жағдайларға тап болып, тексеріледі.

«Тест сынақтан өтушіге тесттен өтуіне немесе сәтсіздікке ұшырауына ерікті мүмкіндік береді. Тест сәтсіздігінің салдары ауырлығына байланысты тәртіптік жазаны, жұмыстан шығаруды немесе қылмыстық қудалауды қамтуы мүмкін», делінген құжатта.

Жалпы, басқа елдер тәжірибесінде парасаттылыққа тексерудің 2 түрі қолданылады екен. Біріншісі – кез келген мемлекеттік мекемеде, бөлімшеде кез келген лауазымды адамға қолданылатын таңдамалы тәсіл. Ал екіншісі – мақсатты тәсіл, мұндайда тек сыбайлас жемқорлыққа күдікті лауазымды адамдар Integrity check көмегімен тексеріледі.

«Бұл тетік қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың қызметінде болмаған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті қызметінде орынсыз тәжірибені алдын ала анықтауға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибеде осындай тетіктерді енгізген елдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы оң әсерін атап өтті. Мысалы, Молдовада мемлекеттік қызметкерлердің пара беру әрекеттері туралы хабарламалары 10 есе өсті», делінген құжатта.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына сәйкес парасаттылыққа тексеру «сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да, қудалауға да ықпал ететін әдіс ретінде және сыбайлас жемқорлықты тежеуде өзінің тиімділігін дәлелдеген» тәсіл ретінде танылған.

Сондай-ақ оқыңыз