Ресейдің жүк тасымалдаушыларына жасалған жеңілдік: Қазақстан шетелден автокөлікпен жүк тасымалдау талаптарын жеңілдетті
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жүк жөнелтушінің елінде тіркелмеген автомобиль көлігімен жүктерді қайта тиеуге және қайта қосуға тыйым салу тәртібін 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатты. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11704 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларының 48-тармағының екінші бөлігінің және 51-тармағының қолданысын Қазақстан Республикасында тіркелген тасымалдаушылар үшін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын», делінген құжатта.
Бекітілген қағидалардың 48-тармағының екінші бөлігінде:
«Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден тасымалдау кезінде жүктің жөнелту немесе межелі пункті болып табылмайтын елдің аумағында кедендік транзит аяқталмаған жүкті қазақстандық автокөлік құралына және бастапқы тасымалдаушының тіркеу елінде тіркелмеген автокөлік құралына аударып тиеуге жол берілмейді», деп жазылған.
Яғни осы талаппен бірге 51 тармақ бір жылдан артық уақытқа тоқтатылады. Ал 51 тармақта:
«Қазақстан Республикасының аумағына жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру кезінде тартқышты немесе жүк автомобилін тасымалдаушының тіркеу мемлекетінде тіркелген басқа тартқышқа немесе жүк автомобиліне ауыстырып тіркеуге рұқсат етіледі», делінген.
Ал енді түсіндіріп өтсек, 2022 жылы Украин мен Ресей арасында соғыс басталғаннан кейін, Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкцияларды енгізгеннен кейін еуропалық тасымалдаушылар Ресей мен Беларусь аумағы арқылы өте алмай қалған болатын. Осыған орай Қазақстан логистикалық құлдырауды болдырмау үшін транзиттік елдерде жүктерді тасымалдауға және қайта тиеуге тыйым салуды тоқтатады. Нәтижесінде еуропалық тасымалдаушылар Қазақстанға келер жүкті Бресттегі кеден терминалына ғана жеткізе алатын. Ол жерден еуропалық жүк Ресей мен Белорусь жүк тасымалдаушыларына қайта тиеліп, Қазақстанға жеткізілетін. Бірақ 2022 жылдың 31 желтоқсанында тыйым салу мерзімі аяқталып, Еуропадан Беларусь және Ресей арқылы Қазақстанға автомобиль көлігімен жүк тасымалдау тоқтап қалды. Ал енді жоғарыда аталған екі тармақтағы тыйым тағы тоқтатылып, Ресей тасымалдаушыларының екі арада жүк тасуына мүмкіндік туады. Осылайша бұл құжат өз кезегінде автомобиль көлігімен халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын Ресейдің жүк тасымалдаушыларына да жеңілдік жасайды.
Құжатқа сәйкес үкіметаралық келісімдер жасалмаған елдердің жүктерді жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында (мысалы, кіру шектеулеріне байланысты-пандемия кезінде Түрікменстан, Қытай және Үндістан, БАӘ, Дания, Португалия және Македония) немесе осындай рейстердің қауіпсіздігіне байланысты – Ауғанстан, Пәкістан, Украина сынды барлық осындай жағдайларда жүктерді жеткізудің жалғыз тәсілі жүктерді қайта тіркеу және қайта тиеу жолымен тасымалдау арқылы жүзеге асырылады.
Жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі қарастырылмаған. Бұйрық 8 қарашаға дейін талқыланып, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.