Жаңалықтар

Прокуратура Ақмола облысының 120 азаматынан жүргізуші куәлігін қайтарып алады

Фото: gov.kz

Ақмола облысының прокуратурасы прокурорлық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 120 адамға көлік құралдарын жүргізуге рұқсат етілмеген азаматтарға жүргізуші куәлігі берілгенін анықтаған. Бұл жайлы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақмола облысының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңдылықтың сақталуын тексеру барысында көлік құралдары басқармасына медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарда жүргізуші куәліктерінің болу фактілерін анықтады. Мысалы, азамат А.-ның көлік құралдарын жүргізу құқығына ие жүргізуші куәлігі бар. Бұл ретте, ол көлік құралдарын басқаруға тыйым салынатын ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрады», делінген хабарламада.

Прокуратура осыған ұқсас 120 фактіні анықтаған. Осыған орай прокурорлық қадағалау актілері бойынша аталған тұлғалардың көлік құралын басқару құқығын тоқтату жөнінде шаралар қабылданған.

Сонымен бірге прокурорлар полиция органдарымен бірлесіп, жол қозғалысы ережелерін бұзған 97 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.