Жаңалықтар

Қызылорда облысында шенеунік өзі басқаратын мекемеден өзінің компаниясына ақша аударып, 101 млн теңге жымқырған

Фото: kursiv.media

Мемлекеттік бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасап, 101 млн теңгені иеленген Қызылорда облысының лауазымды тұлғасына 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл жайлы Қызылорда облысының прокуратурасы хабарлады.

«Қызылорда облысының прокуратурасы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметіне тексеру жүргізді. Тексеру барысында «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС «Мега Агро» ЖШС-дан 2400 тонна күріш астығын 120 млн теңгеге сатып алу туралы 02.03.2018 жылы келісім-шарт жасағаны анықталды. Қаражат толық көлемде аударылған. Шарт талаптарына сәйкес тауар 30.09.2018 жылға дейін жеткізілуі тиіс болған. Алайда Жеткізуші өз міндеттерін толық орындамай, 101 млн теңге мемлекет қаражатын бас пайдасына шығындаған», делінген хабарламада.

Ең қызығы, тапсырыс беруші «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС мен жеткізуші «Мега Агро» ЖШС басшысы бір адам – Манарбек Еспанов болған. Солайша Еспанов өзі басшылық етіп отырған компанияны қаражатын өзінің жеке компаниясына аударған.

«Осылайша М.Еспанов мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам бола тұра, өзіне тиесілі «Мега Агро» ЖШС арқылы бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасаған. Бұл факт бойынша облыс прокуратурасы 19.08.2022ж. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тіркеді», делінген хабарламада.

Біз egov.kz порталынан екі компанияны да тексеріп көрдік. «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС қазір жойылған. Ал «Мега Агро» ЖШС әлі де заңды тұлға ретінде тіркелген. Құрылтайшысы да, жетекшісі де Манарбек Еспановтың өзі.

Тергеу барысында М.Еспановқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Оның әрекеті ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағынмен қайта сараланып, ол кінәсін толық көлемде мойындады және қылмыстық іс сотқа жолданған. Нәтижесінде Жалағаш ауданы сотының 03.10.2023 ж. үкімімен М.Еспановқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, үкім заңды күшіне енді. Ал мемлекетке келтірілген 101 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде қайта өндірілген.