Мектепке сай келмейтін сатып алу: Астанадағы спорт мектебі 178 млн теңгені жөнсіз жұмсамақ болған

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media

Астанадағы спорт мектептерінің бірі «Astana Bike» жүйесіне арналған велосипедтерді  178 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Бұл жайлы Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасы бюджет және мемлекеттік сатып алу заң нормаларының сақталуына талдау жүргізіп, нәтижесінде қалалық спорт мектептерінің бірі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы басқа заңды тұлғаның балансында тұрған «Astana Bike» жүйесіне арналған велосипедтерді сатып алу бойынша конкурсты жөнсіз жариялағанын анықтады», делінген хабарламада.

Бұл әрекеттер Бюджет кодексінің 4-бабының 9-тармақшасына қайшы келеді және Жарғымен бекітілген мектеп қызметінің түрлеріне сәйкес келмейтінін хабарлайды прокуратура. Солайша прокуратураның қадағалауымен 178 миллион теңгелік заңсыз сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Бұл спорт саласына қатысты бірінші жағдай емес. Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 соты Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы Рүстем Байсейітов пен басқарманың өзге де қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар ақша жымқырды және аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемденді деген айыппен кінәлі деп танылған болатын.

Ал 5 маусымда Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі Жетісу облысындағы «Өркен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» қызметкерлерінің 2015-2022 жылдар аралығында жұмысқа қабылданып, шын мәнінде еңбек қызметін нақты жүзеге асырмаған алты адамға жалақыны есептеу арқылы 16 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз аударғанын хабалады. Солайша қаражат «өлі жандарға» төленіп келген.

Сондай-ақ оқыңыз