Жаңалықтар

Энергетика министрі қазақстандықтарға көліктеріне газ орнатпауға кеңес берді

Энергетика министрі көлікке газ орнатпауға кеңес берді


Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев елде сұйытылған газ тапшылығы бар екенін ескертіп, автокөлікке газ орнатудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Сұйытылған газдың бағасы қымбаттайды, өйткені нарықта тапшылық бар, – деді Энергетика министрі.

«Қазан айын мысалға келтіріп айтайын: жыл басында біз 124 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіріп, ішкі нарыққа жеткізуді жоспарладық. Іс жүзінде қазан айында тұтыну көлемі 144 мың тоннаны құрап, жоспардан 20 мың тоннаға артық болды. Мәселені шешу үшін ТШО-мен күрделі келіссөз жүргізуге тура келді», – деді А. Сәтқалиев.

Министр сұйытылған мұнай газының қазіргі бағасы нарықтық баға емес екенін, салдарынан өндіріс көлемі төмен болып тұрғанын түсіндірді.

«Қазақстанда баға өте арзан. Бұл жағдай ұзаққа созылмайды. Біз барлық көлік жүргізушілеріне көліктерін сұйытылған мұнай газына ауыстырмауға кеңес береміз. Себебі баға өседі», – деді ол.

Энергетика министрі бағаны бақылауда ұстауға тырысатындарына сендірді.

«Біз бағаның күрт өсуіне жол бермейміз, алайда модернизация көлемі өз дегенін жасайды. Егер, тапшылық болса, онда экспорттан шығаруға тура келеді. Яғни экспорттық баға болады», – деді А. Сәтқалиев.

Министр кейде сертификаты жоқ компаниялар автокөліктерге газ орнататынын, салдарынан техникалық апат қаупі күшейетінін айтты.

«Қазіргі уақытта ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін бізде шектеулі қор бар екенін түсінеміз және мұнай-химия нысандары іске қосылғанда сұйытылған мұнай болып саналатын полипропилен, полиэтилен, бутадиен шикізат көзіне айналатынын айтқанбыз», – деді А.Сәтқалиев.

Оның сөзінше, бұл сұйытылған мұнай газының ішкі нарығына қосымша фактор болмақ.

«Болашақта автокөлік жүргізушілері ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының көлемі азайғанын сезінуі мүмкін. Газға көшкен автокөліктер сығылған газбен жүруге мәжбүр болады. Сұйытылған газ бен сығылған газдың бағасы әртүрлі. Автокөлікті газға көшіруді жоспарлау кезінде Қазақстанда сұйытылған газды жеткізу, тұтыну және өндіру теңгеріміне қатысты объективті факторларды ескеру қажеттігін хабарлаймыз», – деді А.Сәтқалиев.