Назарбаев қорына тиесілі КТК акциялары мемлекетке өтеді: сот шешімі шықты

Жарияланды
КТК акциялары мемлекетке өтеді / shutterstock и wikimedia commons

КТК арнасының акциялары Назарбаев қорынан мемлекетке қайтарылады. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Бостандық ауданы прокуратурасының «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ мен «Коммерческий телевизионный канал» АҚ арасындағы келісімшартты жарамсыз деп тану туралы іс қаралды, деп хабарлайды «Курсив» тілшісі.

Прокуратура КТК акциясының 1%-ын сыйға беру туралы келісімді жарамсыз деп тануды сұраған. Бұл акция бұған дейін «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ға тиесілі болған, кейін Нұрсұлтан Назарбаев қорына берілген.

Бастапқыда «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ 1% акцияны атқаратын қызметіне сай келмейтіндіктен сатқысы келген, алайда сатып алушы табылмаған. Сол себепті акцияны сыйға тартқан.

Кейіннен бұл акция КТК акционерлерінің бірі – Нұрсұлтан Назарбаев қорына өткен. Ал сыйға тарту туралы келісімге 2015 жылдың 29 желтоқсанында қол қойған. Прокуратура 2023 жылы бұл акцияны тегін беруге болмайтынын алға тартып, сотқа жүгінген.
2023 жылдың 27 қазанында судья іс бойынша шешім қабылдады.

«Алматы қаласы Бостандық ауданы прокуратурасының талап арызы қанағаттандырылсын. 2015 жылдың 29 желтоқсанында «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ мен «Коммерческий телевизионный канал» АҚ (КТК телеарнасы) арасындағы келісімшарт жарамсыз деп танылсын», – деді істі қараған судья Гаухар Қасымбаева.

Тараптар шешімге келіспеген жағдайда бір ай ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев коммерциялық емес қоры 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры –  еліміздегі қызметі кәсіби басқару және жобалардың жүйелілігі қағидаларын ұстанады. Қор директоры – Дариға Назарбаева.

Сондай-ақ оқыңыз