Қазақстан туризмі пандемияға дейінгі деңгейіне жетіп қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: shutterstock

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, 2018- 2022 жылдары дейін Қазақстан ЖІӨ-дегі туризм үлесі COVID-19 пандемиясына байланыстыі- қатты төмендеген. Тек 2022 жылы туризм 3,9%-ға, пандемияға дейінгі деңгейге жеткен.
Ал Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан ЖІӨ-дегі туризм үлесін 2025 жылға қарай кемінде 8%-ке дейін жеткізу міндеті қойылған. Экономикалық зерттеулер институты мамандары туризм саласында түйкіл көп екенін жазады.

Қазақстандағы туризм – ел экономикалық дамуының маңызды бағыты. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл сала COVID-19 пандемиясы сияқты қиындықтарға тап болып, бұл оның ЖІӨ-дегі үлесіне қатты әсер етті.

2022 жылы 8,6 миллион қазақстандық турист ел ішінде демалған. Бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. 2019 жылы 6,6 миллион адам ел ішінде саяхаттаса, 2018 жылы олардың қатары 5,9 миллион болған.

Ал Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 2022 жылы 4,8 миллион адамды құрады, Бұл көрсеткіш 2020 және 2021 жылдармен салыстырғанда екі есе көп болса да, пандемияға дейінгі деңгейден әлі де 45,9% төмен.

Туризмді дамытуда қолжетімді қонақ үйлердің көбеюі маңызды рөл атқарады. 2022 жылдың басынан бері қонақ үйлер саны 2021 жылмен салыстырғанда 284-ке өсіп, 3 970 құраған.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Ботагөз Ташенованың айтуынша, Қазақстан айтарлықтай туристік әлеуетке ие, алайда шешілуі тиіс бірқатар түйткіл бар. Мәселен:

  • Жол әуежай және қонақ үйлерді қоса алғанда, инфорақұрылым жақсартуды қажет етеді.
  • Шетелдік туристерді тарту және Қазақстанның туризмі туралы насихат кемшін;
  • Білікті кадрлардың жетіспеушілігі және қызмет құны жоғары, ал сапасы төмен болуы туристердің көңілінен шықпайды;
  • Визалық шектеулер әлеуетті туристердің бетін қайтарады: сондықтан визалық режимдерді жеңілдету туристердің көбеюіне ықпал етуі ықтимал.
  • Осы салаға инвестиция көлемі жеткіліксіз болып тұр.

Ресми мәлімет бойынша, туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған. Былтыр салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген.

Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері ашылған.

Ақтауда өткен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов туризм саласына қаржы салғысы келетін инвесторларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

«Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Биыл шетелден 500 мың турист келіп, қонақүйлер жарты жылда 99 млрд теңге табыс тапқан. Министрлік мәліметінше, Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 45%-ға артық.

Ал қонақүй қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жеткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Ал пандемияға дейінгі деңгейден 1 млн адамға көп.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіру жоспарланған.

Алайда Қазақстан 10 жылдан бері туристік брендін әзірлей алмай отыр. Оған қоса Жоғары аудиторлық Палата туризм саласындағы орератор – Kazakh Tourism-ге қатысты жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын заңбұзушылықты анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз