Қоғам АЭС құрылысына қызығушылық танытуда – Сәтқалиев
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша ақпараттық кеңестер мен пресс-турлар жалғасатынын жариялады.
Министрдің мәлімдемеуінше, қазір Қазақстанның атом электр станциялары, Ұлттық атом орталығы және басқа да мекемелердің өкілдері түрлі қалаларда тұрғындармен және мүдделі тараптармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
А.Сәтқалиевтің сөзінше, қоғам АЭС құрылысына қызығушылық танытуда. Бастапқы кездегі үрей мен қорқыныш сейіле бастаған. Диалог құруға, тыңдауға, ақылдасуға ниет білдіріп жатқандардың қатары көбейіп келеді.
Энергетика министрі мамандар бірқатар қалаларды, соның ішінде Қарағанды мен Астананы аралап шыққанын, басқа елдімекендерде ақпараттық шаралар жалғасып жатқанын баяндады.
«Консультациялардың қорытындысында жалпыұлттық референдум өткізу күні белгіленеді. Маған әзірше бұл күн белгісіз. Жалпыұлттық референдумды ұйымдастыру мен өткізу уәкілетті органдардың құзыретіне жатады және конституциялық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі бұл процеске техникалық, сараптамалық қолдау көрсетеді», – деп қорытты сөзін А.Сәтқалиев.
Айта кетейік тамыз айында Үлкен ауылында алғаш рет АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қатысқандар ортақ мәмілеге келе алмай, жанжалдасып тарқады.Жиналыстың орыс тілінде басталғанына наразы болған тұрғындар «Халық қарсы» деп ұрандатты. Көпшіліктің пікірі екіге жарылды.
Кейін Парламентте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атом электр станциясын салуға қатысты бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын жариялап, журналистерге мәселенің мән-жайын түсіндірді.
«БАҚ-та Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты тыңдау өтіп, нәтижесінде тұрғындар атом электр станциясын салуды қолдап, соңғы шешімін айтты деген бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын байқап отырмыз. Мұны түсіндіру қажет. Біз Қазақстан азаматтары ретінде Үлкен ауылының тұрғындарының пікірін құрметтейміз.Ол жерде атом электр станциясын салу туралы сөз болып жатқан жоқ. АЭС-құрылысын бастау үшін халықаралық талаптарға және Қазақстан заңына байланысты кешенді процедура жүргізу керек. Ол жұмыстар енді басталып жатыр», – деді министр.
Естеріңзге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.
2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті.
«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу бастамасы болды.
2023 жылғы 13 шілдеде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.