Стати ісі және Бекетаев: Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға ғана 60 млн доллар жұмсаған

Жарияланды
Стати ісі және Бекетаев /коллаж: kursiv.media

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстаннан қашпақ болғанда қолға түсті.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің мәлімдеуінше, экс-министр әуежайда ұсталған.

«Қалған ақпарат сотқа дейінгі тергеуге байланысты жарияланбайды», – деді Ә. Шындалиев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 21 қазан күні бұрынғы Әділет министрінің ұсталғанын хабарлады.
23 қазанда Агенттік бұрынғы министрдің ұсталған Марат Бекетаев екенін растады.

Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп күдіктеліп отырғаны мәлімделді.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда», делінген Агенттік таратқан хабарламада.

Эфирде Ерлан Саиров. Ал, осы уақытқа дейін Бекетаевқа қатысты ешбір ақпар таратпаған Мәжілісмен Ерлан Саиров, ол ұсталғаннан кейін, TikTok-қа шығып, экс-министрдің Стати ісіне қатысы бар екенін мәлімдеді.

«Марат Бекетаевқа қатысты мынадай фактілер бар: 2010 жылдары Молдавия Республикасының сол кездегі президенті Владимир Воронин – өзі коммунист Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстанда Стати деген бизнесмен жұмыс істеп жүр, өзі «Сороспен» байланысты, сондықтан оны қуып жіберуіңізді өтінемін» деп өтініш жасайды. Сол кезде Назарбаев өз шешімімен Статиді қуып жібереді де, бүкіл мүлкін бизнесмен Құлыбаев алып алды деген ақпарат бар. Бірақ бұл ақпарат әлі сотпен дәлелденбеген», – деді депутат.

Е.Сайыров, Анатол Стати Қазақстанды сотқа бергенін, онымен соттасу үшін Марат Бекетаев фирма құрып, бюджеттің жүздеген миллион долларын жұмсағанын жариялады.

«Стати жеңе береді, Қазақстан жеңіле береді. Бірақ Қазақстан жеңілген сайын бюджеттен ақша көбейе береді. Ол лоббилік топтарды, адвокаттарды жалдайды. Шетелдегі адвокаттар Қазақстанның ісі дұрыс емес екенін көргеннен кейін ақшаны көп сұрайды, өздері де жымқырған болуы ықтимал. Бюджеттің көптеген миллион доллары 1 адамның волюнтаризмдік шешімін қорғау үшін шетелге кете береді. Әрине әділетсіздік болғаннан кейін Қазақстанның жағдайы мүшкіл болды. Осыны пайдаланып, Бекетаев тәрізді азаматтар өздері де бюджеттің ақшасына қол сұғып жіберуі ықтимал», – деп «сойып» салды Е. Сайыров.

Статидың сағы сынбады. Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді.

Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.

Статидың сағы сынбады. Ол керісінше, өшігіп, өршеленіп кетті. Қазақстанның шетелдегі қаржысының құтын қашырды.

Ұлттық қордың 22 млрд доллары бұғатталды. 2017 жылдың соңғы күндерінің бірінде Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.

Молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Статидің құрығы 2018 жылдың басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мұхиттың арғы жағындағы акцияларына да жетті.

Амстердамның аймақтық соты голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активіне шектеу қойды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі сотқа шектеуді алу туралы шағым түсірді. Алайда бұл талап орындалған жоқ.

Осыған қатысты сол кездегі Әділет министрі М. Бекетаев: «Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайды. Актив біздің меншікте қалады», – деген пікір білдірді.

«Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі төніп тұр. Ол талап арызда көрсетілген сома. Сотта Қазақстанның мүддесін Әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес. Сондықтан Лондон сотында Анатолий Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдеуге бар күшімізді саламыз», – деп мәлімдеді Марат Бекетаев.

2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласының аймақтық соты Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді жою жайлы ҚР Ұлттық банкінің өтінішхатына қатысты оң шешім шығарды.

Голландиялық сот 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды. Сот Ұлттық банктің және процеске үшінші тарап ретінде қатысқан ҚР Әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы Әділет министрлігінің хабарламасында:

«Қазақстан Республикасы талапкерлер тарапынан орын алған алаяқтық фактілерді дәлелдеуді жалғастырады және шамамен 2018 жылғы қазан айына белгіленген тыңдауларда тиісті дәлелдерді ұсынады. Аталған іс бойынша мемлекеттің мүддесін білдіруді және қорғауды Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заң фирмасының қатысуымен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қамтамасыз етуде», – деп жазылды.

Сол кездегі Әділет министрі М.Бекетаев молдавалық олигарх Анатол Статиді Қазақстаннан заңсыз ақша шығарды деп жазғырды.

«Қазақстанда жұмыс істеген кезінде Анатол Стати заем тартып, облигация орналастырды. Ол ақшаны газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсау керек болған. Бұл үшін 2 компания жалдаған. Оның бірі – неміс, екіншісі – ағылшын компаниясы болған. Ағылшын компаниясының атауы Perkwood болғаны өте маңызды. Біз Ұлыбританиядағы ресми ақпарат көздерінен осы компания туралы ақпарат сұрадық. Сол кезде Анатол Статиден ондаған миллион доллар ақша алған компанияның Ұлыбританияда бірде-бір рет есеп бермегені және қызметін бірнеше жыл ғана атқарғаны анықталды», – деді М.Бекетаев.

Қазақстан тарапы Латвияға да сұрау салған. Себебі газ өңдеу зауытының құрылысына бөлінген қаржы Perkwood компаниясының Латвия банкіндегі шотына аударылған.

«Латвия құқық қорғау органдарының бізге берген жауабы банктегі есешот сенімхат арқылы Анатол Статидің өзіне ашылғанын көрсетті», – деді сол кездегі Әділет министрі.

Шетелдік олигарх Латвия банкі арқылы біздің елден газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалуы тиіс 167 млн долларды жымқырған-мыс. Бұл мәліметті Стокгольм соты дәлел ретінде назарға алмаған. Сөйтіп 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық трибунал Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 500 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеген. 2014 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Стокгольмдағы апелляциялық сотта бұл шешімге шағым білдіріп, оның күшін жоюды талап еткен. 2017 жылғы 6 маусымда Ұлыбританияның жоғары соты төрелік шешім алаяқтық арқылы жүзеге асты деген байлам жасаған. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгілеген.

«Төрелік шешімді орындату үшін оның заңдылығын нақты бір ел аумағында мойындау қажет. Осы мақсатта Стати өз ойын Ұлыбританияда жүзеге асырмақшы болды. Ол Стокгольм соты мақұлдаған төрелік шешімді Лондон сотына көрсетті және шешімді Ұлыбритания аумағында заңды деп тануды сұрады», – деді сол кезде М. Бекетаев.

Оның сөзінше, ағылшын сотынан қолдау таппаған олигарх АҚШ-қа ауысқан.

«АҚШ соты Ұлыбритания сотының шешімі шыққанға дейін істі тоқтата тұру туралы шешім қабылдағанда Анатол Стати бірден Нидерланды, Бельгия және Люксембург елдерінің сотына жүгінді. Әрине, біз Ұлыбританиядағы сияқты жоғарыда аты аталған елдерде де қарсылық көрсетеміз. Ол зауыт құрылысына ақша салған жоқ, керісінше қаржыны Латвия банкі арқылы шығарып алды. Төрелік сот шешімінде өтемақының бір бөлігі осы ақшаға қатысты болып отыр. Төрелік сот шешімінде құрылысы аяқталмаған зауыттың құны 230 млн долларға бағаланған. Біздің есебімізше, Латвия банкі арқылы 167 млн доллар шығарылған. Осының өзі Статидің газ өңдеу зауытының нақты құнын жасырғанын көрсетіп отыр», – деді сол кездегі министр.

М. Бекетаев Қазақстан шетелде бұғатталған қаржысынан айырылмайтынын алға тартып, сенімді сөйлеген.

«Ақшаның тағдыры келесі кезеңдерде шешіледі. Оған дейін біраз уақыт бар. Екінші қадам – төрелік шешімнің әр елде заңдылығын тексеру. Бізде Анатол Статидің алаяқтығына қатысты дәлел бар, сотта соны оған қарсы қолданамыз», – деген экс-министр.

М.Бекетаевтың «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғуына және сот процесіне миллиондаған доллар шашуына «Ескі Қазақстаның» сол кездегі бірқатар басшылары мен ықпалды тұлғалары қолдау көрсетіп отырған.

Қазіргі Әділет министрі Азамат Есқараев сағызша созбай, мәселені шешуді қалайды екен. Өйткені Стати дауының бітпей келе жатқанына 12 жыл болды. Бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы шығындалуда. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға ғана 60 млн доллар жұмсап жатыр.

«12 жылдан астам уақыт өтті. Арбитражда Қазақстан уақытын да жоғалтып жатыр, ақша да шығындап жатыр. Бірақ біз өзіміздің жұмысымызды жалғастырып, нақты нәтижеге жетуіміз керек.Өзімнің ішкі ұстанымымды айтайын, бұл мәселені әрі қарай созуға ешқан дай ынтамыз да жоқ, ниетіміз де жоқ. Халықаралық іске асырылып жатқан шаралар оң нәтижесін беріп жатса, бұл мәселені тез шешуге дайынбыз!» – деді А.Есқараев.

Бекетаевтың биографиясы. Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік қызметтен кеткенше жұмыс істемеген жері, атқармаған қызметі жоқ десе болатындай. Қызметін 2001 жылы Сыртқы істер министрлігінен бастап, вице-премьердің, премьер-министрдің кеңесшісі болып жалғастырған. Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлығынан Әділет министрінің орынбасары, Әділет министрі лауазымына жеткен.
М.Бекетаев көпшіліктің есінде көлікті мас күйінде басқарғанына қарамастан жазаланбаған, отставкаға кетуден бас тартқан, қазына қаржысына қымбат қызметтік көлік сатып алуды әдетке айналдырған, Сенаттың жалпы отырысында журналистерге сұрақ қоюға шектеу енгізген және Статимен соттасқан шенеунік ретінде қалды.
Оның ұлтқа, жұртқа қандай пайдасы тиді? Бұл жағы беймәлім.

Сондай-ақ оқыңыз