Құрылысы 2008 жылы басталған Астанадағы ЖЭО-3 жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосылуда

Жарияланды
Астанадағы ЖЭО-3 іске қосыла бастады / энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Қазан айында Астанадағы ЖЭО-3 I кезегінің кезең-кезеңімен іске қосылуы басталды, ол 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі жағдай бойынша энергия объектісінің дайындығы 95%-ға жетеді. ЖЭО-да жалпы құрылыс жұмыстары шеңберінде кейбір ғимараттарда әрлеу жұмыстары, инженерлік желілер бойынша жұмыстар аяқталады, инженерлік инфрақұрылымы бар қоршауды монтаждау, теміржол сорғышы бойынша жұмыстар аяқталады.

«5 қазанда №1 су жылыту қазандығы жағылды. 25-30 қазан аралығында №4 қазандықты іске қосу, 20-25 қараша аралығында №2 қазандықты іске қосу, 25-30 қараша аралығында станцияның өз қажеттіліктері үшін қазандықты іске қосу, 15-20 желтоқсан аралығында №3 қазандықты іске қосу жоспарланған», делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 4 қазандықты кезең-кезеңімен іске қосу елордаға 440 Гкал/сағ көлемінде қуат өсімін қамтамасыз етеді.

«ЖЭО-3 (II-кезек) электр бөлігі екінші кезек шеңберінде іске асыруға көзделген, ол бойынша жобалық-сметалық құжаттама Астана әкімдігінің пысықтау сатысында тұр», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанадағы №3 жылу электр орталығын салу ұзаққа созылып кеткенін, оған жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінетінін айтқан еді.

«Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болыпты. Ең қызығы жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Алғашында 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 122 млрд теңгеге көтерілген. Енді биыл тағы да 54 млрд теңгеге баға көтеріліп отыр. Бұл не деген алтын құрылыс екенін түсінбеймін. Бұл құрылыстың бітетін уақыты да белгісіз. Биыл біз Алматыдан яғни жылы жақтан көшіп келдік. Осы жылы қыс қатты болады деген жорамал бар. Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба?», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес, біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Адамдар Астанада жылудың жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан биыл қала белгіл бір дәрежеде жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар», – деп ескертті Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Айта кету керек, бұл нысанның құрылыс тарихы 2008 жылдан басталады. Сол кезде жобаның қажеттіліктеріне республикалық бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп, ал кейіннен бюджеті 122 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Алайда, нысанның осыған дейін айтылған құнын 175 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Жоба мердігері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, алғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға берілетіні туралы хабарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз