Шикізат, қаржы, ойын бизнесі салалары үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 30% – ға дейін арттыру қарастырылуда

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Жаңа салық Кодексі бюджетке түсетін салық көлемін 2-2,4 трлн-ға арттырады. Бұл жайлы Сенат отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Жаңа кодекске сәйкес қосымша құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесін 12% – дан 16%-ға дейін көтеру ұсынылады. Мөлшерлеменің өсуі бюджетке 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер әкеледі. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемімен пара-пар. Қосымша кірістер бізге осы трансферттердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеміз. Бұл өте маңызды міндет. Біз болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтауымыз керек», деді министр.

Министрдің айтуынша, ҚҚС төмен мөлшерлемесі шетелдерден Қазақстанға тауарлардың экспортын тиімді ететінін, сол себепті бірінші кезекте ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, импорттық тауарларға жүктемені арттыратынын атап өтті. Қуантыров сонымен бірге отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге ҚҚС қатысты жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.

«Қазақстанда азық-түлік тауарларын өндіру және қайта өңдеу үшін ҚҚС салудың тиімді жағдайлар жасалған. Бөлшек саудагерлер бөлшек салық режимін қолданады, онда ҚҚС-тан босату да қарастырылған. Бұл жеңілдіктер сақталады. Сонымен бірге КТС мөлшерлемесін саралау ұсынылады. Шикізат және қаржы секторлары, сондай-ақ ойын бизнесі салалары үшін КТС мөлшерлемесін 25-30% – ға дейін арттыру қарастыру ұсынылған», деді ол.

Бұдан бөлек жаңа кодекске сәйкес ЕАЭО шеңберінде келісімдерді іске асыру үшін темекі өнімдеріне акциздер мөлшерлемелерін кезең-кезеңмен арттыру көзделеді. Ал құнының 10% мөлшерінде қымбат тұратын алкоголь және темекі өнімдеріне де акциздер енгізу ұсынылған.

Министрлік басшысы нақты қолдану деректерін ескере отырып, режимдерді қолдану шарттары қайта қаралатынын айтты.

«Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және олардың тиімділігіне мониторинг сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Салықтық жеңілдіктер ұғымын нақты регламенттеу, салалық мемлекеттік органдардың салық жеңілдіктерін енгізу кезінде мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуіне міндетті мониторинг жүргізу, салық есептілігі нысандарында ұсынылатын барлық жеңілдіктерді көрсету мен қарсы міндеттемелерді белгілеу ұсынылады», деді ол.

Бұған дейін де Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров әзірленіп жатқан салық кодексі елдегі салық саясатына оң әсер ететінін айтқан.

«Біз қазір бұл мәселені партиялармен талқылап жатырмыз. Жаңа кодексте әкімшілік жағы реттеледі. Егер біз әкімшілік саланы реттесек, бірнеше триллиондаған қаражат мәселесі шешіледі. Біз жаңа кодексте цифрландыру мәселесін қарастырамыз. Цифрландыру арқылы көлеңкелі төлемдердің болмауына жол ашамыз. Біздің ойымызша заңды тұлғалар арасындағы төлем қолма-қол қаражатсыз өтелуі тиіс. Бұл орайда Қазақстанда қиындық туындамайды деп сенем. Өйткені еліміз электронды төлем жөнінен көш басында тұр», деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз