Қарапайым экономика: цифрлық теңгенің криптовалютаға қатысы бар ма? Оны қалай қолданамыз?

Жарияланды

Жуырда еліміз цифрлық валюта жобасын қолға алды. Халық арасында оған қатысты көп сұрақ туындауда. Мәселен, цифрлық теңгенің криптовалютаға қатысы бар ма? Оны қалай қолданамыз? Қайдан аламыз? Бұл орынды. Бірақ сауалдарға жауап берместен бұрын, жалпы цифрлық теңгенің қандай мақсатта жүзеге асырылып жатқанын білейік.

Бүгінде дамыған елдер өзінің жеке электрондық ақшасын кеңінен пайдаланып жатыр. Заман талабына сай Қазақстан да цифрлық теңге бойынша шараларды 2021 жылы бастап кеткен. Жоспарға сәйкес, дайындық жұмыстары 2025 жылы аяқталып, сол жылы цифрлық теңге жаппай қолданысқа енгізілуі тиіс. Бұл жобаға жауапты мекеме – Қазақстан Ұлттық Банкі. Осы себепті цифрлық теңге күмән тудырмайды. Яғни, цифрлы теңге мемлекеттің жіті бақылауында. Оны қағаз теңгенің цифрлы көшірмесі деп атауға болады. Екеуінің атқаратын қызметі бір. Банкнотаны біз қағазға басатын болсақ, цифрлық ақшаны электронды әмиянда сақтаймыз.

Айта кетейік, цифрлық теңге ешқандай да криптовалюта емес. Өйткені криптовалюталарға ешкім жауап бермейді. Олар күрт құнсызданса да, жоқ болып кетсе де, бір де бір жан жауапкершілік арқаламайды. Мұны ажырата білген абзал.

Осы орайда цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығын айтып өткен жөн. Бұл ақшаны сізден алаяқтар ұрлап кете алмайды. Оның қайда барғаны, кімге түскені барлығы айқын көрініп отырады. Қылмыскерлер ол жазбаны өшіре алмайды. Екінші жағынан – цифрлық теңгені шығаратын орталық адамның жеке өмірінің құпиялылығына кепілдік беріп отыр. Яғни, заң бұзылмаса, сіздің цифрлық теңгені қалай және қайда жұмсайтыныңыз құпия болады.

Жасырын емес, бүгінде қағаз ақшаны мүлдем ұстамайтын болдық. Көпшілік төлемдерді жүргізу үшін банк қосымшаларындағы QR кодқа жүгінеді. Сондықтан біз кәдімгі ақша мен цифрлық теңгенің айырмашылығын тіпті сезбеуіміз де мүмкін. Неге десеңіз, интернеттің бар-жоғына қарамастан электронды әмианнан, немесе банк қосымшаларынан цифрлық теңгені аударуға, төлемдер жасауға бола береді. Яғни, зат сату, сатып алу үшін интернеттің болу немесе болмауы енді маңызды емес.

Цифрлы теңге 2021 жылдан бері түрлі тесттерден өтіп келеді. 2021 жылы Ұлттық Банк технологиялық және операциялық тәуекелдерді бағалау бойынша пилоттық жобаны іске қосып, нарыққа қатысушылармен және сарапшылар қауымдастығымен, халықаралық серіктестермен талқылаулар өткізді. 2022 жылы прототип сынаққа шығып, іске қосылған Digital Tenge Hub коллаборативті алаңында IT және қаржы нарығының адамдары прототипті өзара тесттен өткізді.

Биыл цифрлық теңгенің өнеркәсіптік және эксперименттік контуры құрылды. Жұмыстың барлық нәтижесі 2023 жылдың желтоқсан айында қорытынды баяндамада жарияланады. Осылайша, Қазақстан өзінің ұлттық цифрлық теңгесін 2025 жылы іске қосатын болды.

Сондай-ақ оқыңыз